Accessibility links

Ресей Покровск қаласын басып алуға жақын. Украина әскері қаланы жанұшыра қорғап жатыр


Украина әскерилері Покровск маңындағы жолға дронға қарсы тор қойып жүр.
Украина әскерилері Покровск маңындағы жолға дронға қарсы тор қойып жүр.

Жаздың ортасынан бері Украина солдаттары Покровскідегі қираған ғимараттар мен жертөлелерде аз-аздан топталған ресейлік солдаттарды аңдып, оларды бірінен соң бірін құртумен айналысып келеді.

Дегенмен Покровскінің шығысы мен оңтүстігінде Ресей әскері алға жылжып, жолдарды алып жатыр. Бұл Украина әскерилеріне қару-жарақ, құрал-жабдық жеткізуді қиындатып жіберді.

Қазан айының басында Ресей әскерилері қираған қаланың ішіне еніп, бекініп алған. Ал Украина әскері Донбасстың шығысындағы Купянск қаласын бермеу үшін жанталасып жатыр, бұл жерде де Украинаға қысым күшті.

Сарапшылар бәрі кеш болуы мүмкін деп ескертеді.

"Покровскідегі жағдай қатты қиындап барады және бәрін қайта қалпына келтіруге тым кеш болуы мүмкін" дейді Украина әскерилерімен байланысы бар DeepState сараптама жобасы 29 қазанда.

"Ресей әскерилері жаздың басында Покровскіге кірген кезде украиналықтар қуып шыққан еді. Бұл жолы Украина әскерилері Ресей солдаттарын толық қуып шыға алмайтындай" дейді финляндиялық Black Bird Group ұйымы Азаттықтың Украин қызметіне.

30 қазанда Украина әскерінің бас командирі, генерал Александр Сырский Покровск аймағына барған.

"Жағдай қиын, бірақ Ресей пропагандасының Покровск пен Купянскідегі "блокада" жайлы мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Ал Покровскіде қарсыластың жаяу әскері бетпе-бет шайқастан қашып, қала ішіне кіріп алып, орындарын жиі алмастырып жатыр. Сондықтан басты тапсыра – оларды тауып, көзін жою" деп жазды ол Телеграмда.

Александр Сырский (ортада)
Александр Сырский (ортада)

ПОКРОВСКІНІҢ МАҢЫЗЫ

Покровск екі ірі автожолдың қиылысында орналасқан. Бір жол Днепропетровск облысы мен Днепр қаласын апарады. Екіншісі – Константиновкаға барар жол. Дәл осы Покровск Украина әскері үшін 1100 км созылып жатқан майданның орталығы мен оңтүстік бөлігінде бекініс болып тұр.

Соғысқа дейін теміржол өткелі болған қалада 60 мыңдай адам тұрған. Қазір қалада эвакуациядан бас тартқан мыңға жуық адам қалған.

Бір жылдан бері Ресей қалаға солдаттарын бір-екіден немесе шағын топпен жіберіп жатыр. Олар жаяу, мотоциклпен я жол талғамайтын көліктермен Украинаның қорғаныс шебін бұзып өтуге тырысады. Бұл тактика – өлімге бас тігу. Сондықтан мұнда Ресейдің шығыны да көп. Дегенмен қалаға кіріп жатқандары да бар. Украина солдаттарының сөзінше, ресейлік солдаттар өздерін бейбіт тұрғын ретінде көрсетіп те, қалаға өтіп кетіп жатыр.

Украина әскерінің мәлімдеуінше, қазан айының екінші аптасында Ресей солдаттары Покровскінің орталық вокзал аумағына өтіп алған. "Ресей әскерилері бірнеше бейбіт тұрғынды өлтіріп, солтүстік-шығысқа беттеді" деп отыр Украина тарабы.

"Олар жердің астынан атып шыққандай болды. Бәлкім олар қаладағы үйлерде біраз уақыттан бері жасырынып отырған сияқты" дейді Украина әскериі "Укранская правда" газетіне.

Киев күштерінің 29 қазандағы есебінше, қаланың шығысында Ресейдің 200-400 солдаты орналасып алған. Ал Украина әскерінің бас штабы қала көшелерінде кескілескен шайқас болып жатыр дейді.

Азаттықтың "Донбасс Реалии" бағдардамасында украиналық кіші лейтенант Сергей Окишев "Оларды табу оңай. Қарсыластың жаяу әскері, артиллериясы, дроны, авиабомбасына төтеп беру қиын" дейді.

Қазір Покровск маңындағы Мирноград қаласында да шайқас жүріп жатыр. Бұл қала Украинаның бақылауында.

"Покровскіден айырылса Мирноград үшін қиын болады. Әріқарай Днепропетровск облысына жол ашылады. [Ресейге] майдан шебімен шабуылды кеңейтуді ойластыруға мүмкіндік ашылады" дейді украиналық әскери сарапшы Денис Попович "Настоящее время" телеарнасында.

"ЖАҒДАЙ ҚИЫН, БІРАҚ ҚИЫНДЫҚТЫ ЕҢСЕРЕМІЗ"

Покровскіде Украинаның қорғанысы сөгіліп жатқан тұста сын да көбейді.

"Өкініштісі, Ресейдің басқыншылық соғысы үш жылдан асса да қала аумағын қорғау жүйесі қалыптаспады. Бұдан көп зардап шектік және сол зардап жалғасып жатыр" деді "Олекс" деген лақап аты бар украиналық офицер Телеграмда.

"Қайта топтасу және екінші қорғаныстың жоқтығын бірнеше рет мәселе ретінде айттым. Бұл біздің бөлімшелердің қоршауда қалуына себеп болып жатыр. Бірақ бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ" дейді аты-жөнін атамаған командир "Украинская правда" газетіне.

"Покровск майданында жеңіске жеттік деп айта алмаймын. Өте өкінішті. Неге бұлай болды? Олармен соғысатын құрал, артиллерия, радио электронды құралдар, радарлар, барлау жетпейді. Жағдай осындай. Басқа не айтамыз? Дегенмен мұны да еңсерерміз. Бәрі жақсы болады" деді 68-жеке атқыштар бөлімінің "Вольт" деген лақап аты бар солдаты "Настоящее время" телеарнасына.

XS
SM
MD
LG