Австралияда өтіп жатқан командалық турнирде Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Испанияны 2:1, Грекияны 3:0 есебімен жеңді. Енді Қазақстан ширек финалда былтырғы финалист Германия құрамасымен ойнайды.
Қазақстан құрамасы сапында Елена Рыбакина, Александр Шевченко, Жібек Құламбаева, Александр Недовесов, Дмитрий Попко ойнап жатыр.
Турнирде Елена Рыбакина (әлемнің 6-ракеткасы) испаниялық Джессика Воусас Манеироны (54) және грекиялық Мария Саккариді (32) екі сетте жеңді. Ал Александр Шевченко (78) испан Пабло Каррено-Бустадан (196) жеңілгенімен, әлемнің 11-ракетасы Стефано Циципастан (Грекия) екі сетте басым түсті.
Жібек Құлымбаева мен Александр Недовесов аралас жұптық ойында грекиялық Петрос Циципас/Деспина Папамишалиден басым түсті - 2:6, 6:3, 10:6.
United Cup - Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы мен ерлер теннисі қауымдастығы бірге ұйымдастыратын командалық жарыс. Желтоқсанның соңында Австралияда басталатын турнирге теннистен көшбасшы саналатын 18 ел қатысады.
ПІКІРЛЕР