Accessibility links

Өз болмысын іздеген тәуелсіз театр


Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу мен неміс театрының актері Заңғар Ахмет-Қазының Qabyrğa qalqasynda атты спектаклі. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.
Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу мен неміс театрының актері Заңғар Ахмет-Қазының Qabyrğa qalqasynda атты спектаклі. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.

Алматыдағы ArtKöshe тәуелсіз театрының aLqa лабораториясын Қазақстан театр сыншылары бірлестігі "Жыл жобасы" деп таныды. Бұл – ұжымның кейінгі үш айдағы жұмысының нәтижесі. Театр желтоқсанның басынан бері бес спектакльдің премьерасын өткізді. Оларды әр саладан жиналған лаборатория түлектері жазған.

АРТҚЫ КӨШЕДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

ArtKöshe театры екі жарым жыл бұрын ашылған. Оның негізін қалаған драматург Әннәс Бағдат бұған депрессия түрткі болды дейді. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамау, үнсіз қалмау, жауапкершілік сезіну – оған әлеуметтік мәселелерді театрда сахналауға арқау болған.

– Белгілі ортада өнерді қасиетті, биік, қоғамнан алыс көретін түсінік қалыптасқан. Шығармашыл адамды өзі өмір сүрген ортадан бөлек қарайды, – дейді драматург. – Бірақ қоғамда болып жатқан жайттарға бәріміз жауаптымыз. Мен де сол кезде өз жауапкершілігімді сезіне бастадым. Кез келген адам оған әртүрлі реакция білдіреді: пикетке я митингіге шығуы мүмкін, қайырымдылық істеп, көмектесіп жатады. Ал менің қолымнан келетіні спектакль қою болды.

ArtKöshe тәуелсіз театрының жетекшісі, драматург Әннәс Бағдат. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрының жетекшісі, драматург Әннәс Бағдат. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.

Театрдың атауы артқы көшедегі назардан тыс қалған кеңістікте әлеуметтік, саяси, гендерлік мәселелер, эстетикалық ізденіс жатыр дегенді білдіреді. ArtKöshe бұған дейін үш спектакль сахналаған: медиасауат тақырыбындағы SEN мюзиклі, Päter 30/1 атты драма, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбына арналған Jaqtaudağy Gül спектаклі.

– Қайбір жолы тұрақты көрермендер арасынан "ArtKöshe әлеуметтік тақырыптарды көтеретін театр ма, қашан өнер болады?" деп талқылапты. "Сонда бұлар өнер емес пе?" деп ойладым, – дейді Әннәс. – Олардың айтатыны – театр өзі өнер болуы керек, әлеуметтік мәселені көтеруге, шешуге міндетті емес. Бірақ қоғамдық жауапкершілікті түсінгенде одан кете алмайсың, сенің өнерің де соны сипаттайды. Мәселе оны қалай сипаттағаныңда, пафоспен, айқай-сүреңмен емес, оны өнердің тілімен жеткізуге болады.

Әннәстің сөзінше, ArtKöshe тек спектакльдер қойып, репертуар жасақтайтын театр емес, лаборатория болады деген концепция бойынша ашылған. Драматург ArtKöshe-ні өз болмысын іздеген деколониал театр деп сипаттайды.

ArtKöshe тәуелсіз театрына келген көрермендер. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрына келген көрермендер. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.

– Бұл саяси, әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, жалпы өнердің мыңжылдықтарда қалыптастырған канондарынан тәуелсіз болуға ұмтылатын театр. aLqa жобасы соған басқан қадам болды, – дейді театр жетекшісі.

ALQA ЛАБОРАТОРИЯСЫ МЕН ОНЫҢ МАҚСАТЫ

Қыркүйекте лабораторияға конкурс негізінде қабылданған 10 адам драматургия және режиссура бойынша курстан өтіп, әлеуметтік ғылым саласындағы сарапшылардан дәріс алған.

PR-менеджер, әдебиеттанушы, мұғалім және екі журналист пьеса жазып, бес режиссер әрқайсына спектакль қойды. Әннәс "театр саласына алғаш қадам басқандарға мұндай мүмкіндік тие бермейді" дейді. Ал кім-кіммен жұп болатыны жеребе арқылы шешілген.

Ұжым жоба арқылы театр мен академиялық орта эксперттерін тоғыстырып, шығармашылықтағы тәуелсіздікті дәріптеп, қазіргі қазақ театрларының жаңа толқынын қалыптастыруға ықпал етуді мақсат еткен.

– Режиссура курсының менторы Куба Адыловпен бірге курсқа қатысушыларға еркіндік бердік, – дейді драматург Әннәс Бағдат. – Иерархия, көркемдік кеңес болған жоқ, нақты былай болуға тиіс деген шарт қойған жоқпыз. Шығармашыл тұлға ретінде өзі шешім қабылдасын дедік.

Театр жетекшісі өнерді істеп жатқан адамда құндылық мәселесі болмауы керек деп санайды. Бірақ қоғамда адам құқығын бұзатын дүниелер дәріптеліп жатқаны байқалады, оны түсінбей жатқандар да бар дейді Әннәс. Сөзінше, сол себепті aLqa лабораториясы мазмұндық жағынан құндылық тақырыбына көп көңіл бөлген.

ArtKöshe тәуелсіз театры көрсеткен спектакльдер постері. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театры көрсеткен спектакльдер постері. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.

– Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт драматургтерге "өнер туындысы пропаганда мен демократия құндылықтары арасында қалай толқиды?", "ол пропаганда құралына қалай айналып кетеді?" деген тақырыпта, "стереотиптер өндіретін, үстем тап жүйеге жұмыс істейтін шығарма мен демократия құндылықтарын негіз еткен туынды" жайлы дәріс оқыды, – дейді Әннәс. – Пьеса авторы бұл құндылықтарды білмесе, әлдебір пропаганданы жүргізіп жатқанын өзі түсінбеуі мүмкін. Пропаганда тек тапсырыспен болмайды. Адам басында пропагандадан пайда болған шаблон, стереотип болса, соны өндіруі мүмкін. Сондықтан бұл өте маңызды тақырып.

Бұдан бөлек, басқа да сарапшылар әлеуметтану, медиа этика, феминизм, гендерлік деколонизация, адам құқығы, кімдік (identity) түсінігі және олардың шығармашылықпен байланысы туралы лекция өткізген.

Әннәстің сөзінше, ArtKöshe көркемдік тұрғыдан ғана емес, осындай құндылық, философия бойынша мазмұн тұрғысынан да ізденісте жүр.

ПРЕМЬЕРАЛАР

Әннәстің айтуынша, драматургияда ғана емес, кино, әдебиет, бейнелеу саласында идеяны сырт жақтан іздеу бар. Бірақ ол әр адамның өзін идея деп есептейді. Курсқа түрлі саланың мамандары жиналғаны да осыдан. Әннәстің сөзінше, пьесадағы әрекет те, конфликт те оны жазған автордың ішінен шығуы керек. Ал жобаға іріктелген бес драматургтың жүріп өткен жолы бөлек, тәжірибесі басқа.

– Сондықтан aLqa фестивалінде қойылған бес спектакль бір-біріне ұқсамайды, – дейді Әннәс.

Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу мен неміс театрының актері Заңғар Ахмет-Қазы – декретте отырған әйел туралы Qabyrğa qalqasynda деген спектакльдің пьеса авторы мен режиссері.

Кейінгі кезде драматургия саласына қызығып жүрген Айнұр лаборатория аясында пьеса жазуды үйреніп, біраздан бері зерттеп жүрген тақырыбынан қойылым шығарған.

Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.
Әдебиеттанушы Айнұр Төлеу. Алматы, 19 желтоқсан 2024 жыл.

– Өзім қазақ әйел қаламгерлерінің гендер және бірегейлік тақырыбын зерттеп жүрмін. Соның барысында әйелдің жан-дүниесін ашық айтатын, қазіргі әйелдердің проблемасы айтылатын шығармаларға конкурс жариялап көрдім, алайда мен қалаған туынды жолықпады, – дейді Айнұр. – Кейін басқа біреуден талап еткенше, өзім неге жазып көрмеске деген ой келді. Лабораторияға келгенде өзім де осы тақырыпқа дайын болдым.

Qabyrğa qalqasynda спектаклінде Ұлмекен есімді әйелдің тұрмыс-тіршілігі көрсетіледі. Ерлі-зайыпты, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесі көтерілген. Айнұр пьесасындағы кейбір элементті өз өмірінен алған.

– Гендерлік теориямен енді танысып жатқан кезде зерттеулерден әйел жазатын тақырып, әйел жазған мәтін деген сөзді көп көрдім. Мәтінді жынысқа бөліп қараудың керегі не деп таң қалдым, – дейді Айнұр. – Бірақ зерделеу барысында әйелдер ғана түсінетін тақырыптар бар екенін ұқтым. Қабырғаның ішінде, үйде, декретте отырған әйел мұңын тура соны басынан өткерген әйел ғана жаза алады. Ұлмекендікі сияқты үш балам бар, мен де қазір декретте отырмын.

Бұл спектакльде сахнада жалғыз кейіпкер ойнайды, қалған кейіпкерлер – күйеуі мен балалары – экраннан видео форматта көрсетіледі. Режиссердің жұмысы, идеясы Айнұрға ұнаған секілді. "Қойылымдағы әр деталь сөйлеп тұр" дейді ол. Мысалы, Ұлмекен кір жайғанда алдымен ер адамның киімін, кейін әйелдің, сосын төсек жаялығын, соңында баланың күртешесін іледі.

Әйелдің ақы төленбейтін еңбегін, жан жарасын, ашу-ызасын сахналаған актрисаны көрермен 1 сағат 30 минут тапжылмай тамашалады. Көбі әйелдер болды. Шыққан соң пікірлерін айтып, тақырыпты талқылап жатты.

Бұдан бөлек, aLqa жобасы аясында сахналанған PR-менеджер Димаш Зиядиннің саяси сатирасы бар "404" қойылымы квазимемлекеттік ұйымда өз орнын тапқысы келгендер туралы. Ал педагог Айжарық Сұлтанқожаның Ünsız деген қойылымында адамның ішкі сезімдері, экзистенциал дағдарыстағы жан дауысы көрсетіледі.

ArtKöshe тәуелсіз театрында қойылған драматург Димаш Зиядин мен режиссер Лаура Мақанның "404" спектаклі. Алматы, 4 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрында қойылған драматург Димаш Зиядин мен режиссер Лаура Мақанның "404" спектаклі. Алматы, 4 желтоқсан 2024 жыл.

Журналист Мақсат Мәлік бұл жобада әйелі мен баласы ауруханаға түсіп, үйде жалғыз қалған ер адамның күнделікті тіршілікпен бетпе-бет келген кезін Eskertkış атты қойылымда көрсеткен. Мұнда қоғам қалыптастырған стереотиптер, "нағыз еркек" болу сияқты түсініктер көтерілген.

Журналист Бэлла Қасымқызының SÖZ спектаклі мылқау қоғам мен үш адам туралы. Қойылымда адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігі, қоғамдағы мәселелер, құндылықтар туралы айтылған. aLqa жобасы соңында Бэлла мен режиссер Саламат Өтешевтің SÖZ спектаклі үздік деп танылып, Берлинде өтетін Theatertreffen 2025 фестиваліне жолдама алды. Бэлла Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің "Жыл драматургі" номинациясына үміткер атанды.

ТӘУЕЛСІЗ ТЕАТР КӨРЕРМЕНІН КӨБЕЙТУ

ArtKöshe халықаралық қорлардан грант алып жұмыс істеп жатыр. Театр жетекшісі Әннәс Бағдат демеушілерді ұзақ іздедім дейді. Сөзінше, гранттың басым бөлігі зерттеу мен тренингтерге арналған.

– Театр – қаржылай тұрғыдан арзан зат емес, үлкен команда бар, бірнеше айға созылған жобаға жоспарланған шығын әлдеқайда көп шыға береді. aLqa ауқымды жоба болғандықтан, бізге бір емес, бірнеше демеуші керек болды. Осы жолы демеушілік көрсеткен Еуразия қорынан бөлек, тағы бірнеше қордан қаржыландыруға процесс жүріп жатқан, бірақ тоқтап қалды, бұған геосаяси жағдай әсер етті деп ойлаймын. Салмақ бізге түсті, шығын қалды, – дейді Әннәс.

ArtKöshe тәуелсіз театрында қойылған "404" спектакліне келген көрермен. Алматы, 4 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрында қойылған "404" спектакліне келген көрермен. Алматы, 4 желтоқсан 2024 жыл.

Театр жетекшісінің бағалауынша, 4-8 желтоқсандағы фестиваль кезінде қойылымдарды тамашалауға келген көрермен көп болған, одан кейінгі екі аптада аз жиналған. "Бар күшіміз бен уақытымызды жобаға, фестивальге салып, кейінгі апталарға көңіл бөлмей қалыппыз" дейді ол. Әннәс алда тәуелсіз театрлар көрерменін көбейткісі келеді.

– Басқа да концерт, іс-шараларға адамдар билет сатып алып, барып жатыр. Адамдар театрды түсінбейтін де шығар. Оларды театрға тарту жолын мамандармен зерттеп көру керек, – деді Әннәс.

ArtKöshe театры Алматыдағы шығармашылық орталықтардың біріндегі бесінші қабатта орналасқан. Ұжым шағын офис кабинетінің ішінен сахна істеп, жарық, дыбыс аппаратурасын қойып, көрермен отыратын орын жасаған. Орталықпен меморандум жасасқан театрға серіктес ретінде орын берген.

— Көп адам "театр қайда, мына есіктің артында ма?" деп сұрап, залды іздейді. Біздің театр — альтернатив, жұрттың көбі үлкен зал мен спектакльдерге, ауқымды тақырыптарға үйренген, – дейді Әннәс. – Кішкентай сахнамызда интерактив қойылымдар қойылады, түрлі тақырып көтеріледі.

ArtKöshe тәуелсіз театрының aLqa жобасы аясында сахналанған SÖZ спектаклі. Алматы, 8 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрының aLqa жобасы аясында сахналанған SÖZ спектаклі. Алматы, 8 желтоқсан 2024 жыл.

Драматург ел ішінде тәуелсіз театр көп болса, әрқайсының өз концепциясы болады, сапалары, бағыты да кеңейе түседі дейді.

– Тәуелсіз театр ашу, оның жұмысы оңай да, қиын да емес. Бұл іспен айналысуға сені ешкім қинамаса оңай. Қаламаған затыңды біреу істетсе қиын. Неге оңай емес? Біз тәуелсізбіз және көп нәрсеге тәуелдіміз. Ал тәуелсіз боп қалу үшін күнде өлесің, – дейді Әннәс.

ArtKöshe алда Орталық Азия елдерінде өзі сияқты ізденісте жүрген лабораториялармен байланыс құруға дайын. Олармен өнер арқылы жақындасып, бір-бірін түсініп, мәдени ортақтық жасағысы келеді.

ArtKöshe тәуелсіз театрының сахнасы мен көрермендер отыратын орын. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.
ArtKöshe тәуелсіз театрының сахнасы мен көрермендер отыратын орын. Алматы, 14 желтоқсан 2024 жыл.

– Жоспарымызда aLqa жобасын жыл сайын өткізу бар. Биыл курстан өткен түлектердің қойылымдары репертуарда тұра береді, басқа театрлар пьесаларды қойғысы келсе, қарсылық жоқ. Бізде оқыған драматургтер мен режиссерлеріміз aLqa лабораториясынан алған құндылық мәселесін, жаңа ізденістер эстетикасын басқа театрларға апарып, осы қозғалысты қозғай түссек деген мақсат болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG