Қазақстанның бес қаласынан жиналған отыздан аса адам әуелі Тараздағы орталық мешітке барып, марқұмдардың рухына бағыштап құран оқытты. Олар Қаңтар оқиғасында көз жұмғандар ұмытылмауы керек деп санайды.
"Арада 3 жыл өтті. Қаңтар оқиғасы ұмытылмауы керек. Баламды "қасақана кісі қолынан қаза тапты", "кездейсоқ қайтыс болды" деп сот шешім шығарса да әлі күнге моральдық, материалдық өтемақы бермеді. Қайтыс болған баламды ақтаймын деп жүргенде ауру таптық, денсаулықтан айырылдық" дейді Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков.
Мешіттен түсте шыққандар дәмханада ас берді. Асқа марқұмдардың туыстары мен азаматтық белсенділер қатысты.
"Сол кезде үйден ойнап-күліп шыққан балаларымыздың денесі қас-қағым сәтте келіп жатты. Бұл бар отбасының қабырғасын қайыстырды", "Біз барда, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ барда Қаңтар оқиғасында қаза тапқандар ұмытылмайды", "Қаңтар оқиғасында қаза болғандарға арнайы статус берілсін!", "Марқұмдардың артында қалған отбасы қараусыз қалмасын!" деп пікір білдірді асқа келген ата-аналар. Олардың пікіріне белсенділер де қосылып жатты.
Асты ұйымдастырушылардың сөзінше, марқұмдарды еске алып, құран оқытып, ас беру үшін жергілікті әкімдіктен, прокуратурадан рұқсат алған. Олардан ас беру кезінде полиция жібермеуді өтінген.
ПІКІРЛЕР