2024 жыл Қазақстан шахматы үшін табысты болды. Әйелдер құрамасы халықаралық шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ал Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі ұлдар арасында әлем чемпионы атанып, 26 жыл күткен алтын медальды алды. Азаттық шахматтағы жетістіктің себебіне үңіліп көрді.
ЖАС ҚҰРАМАНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Қыркүйекте Будапеште (Венгрия) өткен бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы фавориттердің қатарында болмады. Себебі құрама "тым жас" еді. Команда лидерлері Жансая Әбмәлік (карьерасын аяқтаған) мен Динара Садуақасова (рапидтен 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жарысқа қатыспады. Дегенмен 20 жастағы Бибісара Асаубаева (блицтен 2021, 2022 жылғы әлем чемпионы), 19 жастағы Меруерт Камалиденова, 18 жастағы Ксения Балабаева мен Әмина Қайырбекова, 17 жастағы Алуа Нұрман сенсация жасап, күміс медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның шахмат олимпиадасындағы алғашқы жүлдесі.
Ал маусымда Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгі жастар арасында шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Соңғы рет 1998 жылы Дәрмен Садуақасов жастар арасында әлем чемпионы болған еді. Сол Дәрмен Сәдуақасов (қазір Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті) әйелдер құрамасының шахмат олимпиадасында күміс медаль алуы "тарихи жеңіс" және "Қазақстанды әлем мойындаған сәт" деп бағалайды.
– Олимпиадада әйелдер құрамасы ең жас команда болды. Команда мүшелерінің орташа жасы 19 жасқа жетпеді. Мысалы, шахмат тарихы тереңде жатқан Грузия командасының орташа жас көрсеткіші – 35 жас. Қазір Қазақстанда әйелдер шахмат мектебі бар деген түсінік қалыптасты. Мұны әлем мойындады, – дейді гройссмейстер Сәдуақасов.
ФЕДЕРАЦИЯ БЮДЖЕТІ ҚАНША?
Қазір Қазақстан шахмат федерациясында ақша бар. Федерацияға 2023 жылдың басында Forbes тізіміне енген миллионер, Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов (байлығы – 3,3 млрд доллар) президент болып келген. Федерацияның мәліметінше, қазір ұйымның жылдық бюджеті – 5,5 млн доллар.
2022 жылдың ортасында ұлттық құрама лидерлері, блицтен әлем чемпионы Бибісара Асаубаева мен елдің шахмат федерациясы арасында үлкен дау туған. Асаубаева федерация шахматшыларды "қайыр тілеушіге айналдырды" деп мәлімдеген. Ол федерация шахматшыларды президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа кіргізіп, мемлекеттен 3 миллиард теңге ақша алмақ болды деп айыптаған. Сол кездегі федерация басшысы Ғалым Хусаинов Бибісараның сөзін жоққа шығарып, ақша сұрау ниеті болмағанын айтқан еді. Кейін Хусаинов федерация басшылығын Турловқа табыстаған.
Федерацияның атқарушы директоры, гроссмейстер Гүлмира Дәулетов 2024 жылғы жетістікті "қаржылық қолдаумен" байланыстырады. Ол қазір бюджеттен шахмат спортына ақша алынбайтынын, дегенмен мемлекет тарапынан да қолдау барын айтады. Қазақстан президенті Тоқаев елде шахматтың дамығанына мүдделі екенін аңғартқан. Тоқаев шахматшыларды әр жетістігінен кейін жеке қабылдап жүр. Ол Халықаралық шахмат федерацияларының (FIDE) басшыларын қабылдаған. Бұған қоса, Астанада ересектар арасындағы әлем чемпионаты да ұйымдастырылды. Үкімет елде жарыстардың көп болуы, спортшылардың жүлделері елдегі шахматтың дамуына септігін тигізеді деп санайды. Үкіметтің есебінше, қазір елде 200 мыңнан аса адам шахмат ойнайды. Қазақстан қазір бұл көрсеткішті екі есе арттыруды көздейді.
ШАХМАТ ПӘНІ
Бұған қоса, федерация "2024 жылы Қазақстанда 350 мектепке шахматты пән ретінде енгізіліп, қазір жиырма мыңға жуық бала шахмат үйреніп жүргенін" айтады. Ұйым 2027 жылға дейін бұл пәнді 1500 мектепке енгізуді жоспарлайды.
Ал ұлттық құрамада қазір 12 ер, 12 әйел шахматшы бар. Федерация өкілі Дәулетова құрама мүшелеріне гранттар беріледі дейді. Бұған қоса, ұлттық құрамаға енуге үміткер 45 шахматшыға "алтын" (30 млн теңге), "күміс" (15 млн), "қола" (5 млн) пакеттермен гранттар бөлінген.
– Бұл – балаларды ынталандыру үшін жасалған арнайы жоба. Бағдарламаға жаттықтырушыларға жалақы төлеу, балаларды шетелдік жарыстарға жіберу, оларға ноутбуктер, кітаптар алып беру, спорт залға дейін жіберу кіреді. Есесіне, шахматқа құмартқан балалар көбейді. Бұл олардың интеллектуалды дамуына әсер етеді, – дейді Дәулетов.
Алматылық 13 жастағы шахматшы Елназ Қалиахмет – "алтын пакет" иегерлерінің бірі. Елназдың анасы Венера Құрманғалиеваның Азаттыққа айтуынша, қызы қазір қаңтарда өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалып жүр. Елназ бұған дейін Қазақстан чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері атанған.
– "Алтын пакетке" қатысудың өз талаптары бар. Мысалы, шетелдік жарыстардан, Қазақстандағы турнирлерден балл жинайды. Жиналған баллға қарап "алтын пакет" иелері анықталады. 16 жасқа дейінгі балалардың арасында алты бала "алтын пакетке" ілінсе, сол балалардың бірі менің қызым болды, – дейді Елназдың анасы.
Шахматтан Қазақстан әйелдер құрама командасының жетекшісі Бибісара Асаубаева шахматпен өмірін байланыстырған балалар үшін олардың ата-анасының қолдауы маңызды екенін айтады.
–Шахмат шегі жоқ турнирлер, жаттығу, жеңіліс пен жеңіс сынды қиын сәттерден тұрады. Ал шахмат қоғамға оң ықпал етеді. Адамның миын, есте сақтау қабілетін дамытады, сабырлық, шыдамдылыққа тәрбиелейді, алға ұмтылуға жетелейді. Әр күнімнің 90 пайызын шахматқа арнаймын, – дейді ол Азаттыққа.
"БҰҚАРАЛЫҚ ШАХМАТҚА ДА КӨҢІЛ БӨЛІНУ КЕРЕК"
Шахмат жарыстарынан ақпарат таратып жүрген журналист Ернар Сеитахмет ата-аналар балаларын шахматқа апару үшін бұл спортты бұқаралық сипатқа айналдыру тиіс деп санайды.
–Бірақ бізде жоғарғы жетістіктерге көп көңіл бөлініп кетті. Әуесқой және бұқаралық шахматқа да көп көңіл бөліну керек. Себебі әуесқой шахматпен айналысатындар ертең балаларын шахматқа алып келеді. Шахматта үлкен жетістікке жетуге себепші – ата-ана. Қазір ел шахматтың фанаттарын, әуесқой шахмат ойнайтындарды тәрбиелесе, ертең олар балаларын шахматқа апарады.
– Мектептерге шахмат пән ретінде енгізіліп, бастама жүріп жатыр, бұл шахматтың дамуына қалай әсер етеді?
–Қазір жасалып жатқан дүние – сан. Сол санды сапаға айналдыратын процесс керек. Мектепте шахмат оқып шыққан баланың потенциалын жергілікті шахмат мектептері, бапкерлер, балалардың ата-аналары әріқарай аша алады. Сондықтан бұл жағынан федерацияның жоспары бар деп білемін. Ал 2024 жылы әйелдерден бөлек ұлдар арасында да жақсы жетістік болды. Қазыбек Нөгербектің 20 жасқа дейінгі жастар арасында шахматтан әлем чемпионатында алтын алғаны – тарихи жеңіс. Қазір әйелдер және ерлер құрамасында буын алмасу аяқталды, енді буын қатаюы процесіне аяқ басып жатырмыз. Жалпы шахматқа жан-жақты қолдау жақсы.
–Қазақстан шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленді, олимпиадада алтын медаль алу, ерлер арасында да әлем чемпионын шығару белестері бар. Қазір шахматтан Үндістан, Қытай, Украина, Ресей лидер. Сол қатарға қосылу үшін Қазақстан не істеу керек?
–Бізге әлемдік деңгейдегі мықты бапкерлер керек. Шахматқа шетелдік бапкерлерді көптеп тарту қажет. Қазір шетелдік жаттықтырушылар онлайн жұмыс істеп жатыр, бірақ онлайн жұмыс істеу барлығына қолжетімді емес. Ал іштегі бапкерлермен таусылып қаламыз.
ПІКІРЛЕР