Accessibility links

БАҚ: Солтүстік Корея Ресейге әскерінің екінші легін жіберуге дайындалып жатыр


Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньян, 19 маусым, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньян, 19 маусым, 2024 жыл.

Солтүстік Корея әскерінің екінші легін Ресейге жіберуге дайындалып жатыр. Бұл жөнінде Оңтүстік Кореяның барлау қызметінің деректеріне сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.

Құжатқа қарағанда, әу баста Ресейге шамамен 10 мың солдат жіберу жоспарланған, 1,5 мыңы жіберіліп қойған.

Бұған қоса, 2023 жылдың тамызынан бері Солтүстік Корея Ресейге шамамен 8 млн снаряд, 100 ракета және танкіні жоятын қару жіберген.

Осыған дейін The Times басылымы Солтүстік Корея Ресейге жыл сайын үш млн снаряд жіберіп отырғанын жазған. Bloomberg Оңтүстік Корея барлаушыларының дерегін тәуелсіз дереккөз арқылы тексере алмаған. Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі әзірге ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Оңтүстік Корея барлау деректерінің бір бөлігін 27 қазанда НАТО өкілдерімен кездесу кезінде таныстырмақ, деп жазды Bloomberg.

АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин сәрсенбі күні солтүстіккореялық әскердің бір бөлігі Ресейдің жаттығу алаңдарында жаттығып жатқанын, қазіргі кезде шамамен үш мың солдат дайындықтан өтіп жатқанын айтқан. Украинаның әскери барлау қызметі бейсенбі күні солтүстіккореялық жасақ жаттығуларын аяқтап, тіпті украин әскері жаулап алған Ресейдің Курск облысына барғанын хабарлаған.

Bloomberg мәліметінше, Ресей солтүстіккореялық солдаттарға әскери форма және қару беріп, сонымен бірге олар Ресейдің шығыс аймағындағы тұрғындары сияқты көрінуі үшін жалған жеке куәліктермен қамтамасыз етпек.

24 қазанда Қазан қаласында өткен БРИКС саммитін қорытындылаған баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғысқа қатысу мақсатында Ресей аумағына Солтүстік Корея әскері келді деген ақпаратқа қатысты пікір айтқан. Ол мұны "біздің шаруа" деп атап, мемлекеттік дума Солтүстік Кореямен стратегиялық серіктестік келісімін ратификациялағанын да атап өткен. Бұл келісімде басқыншылық жағдайында өзара әскери көмек көрсету туралы да айтылған.

«Солтүстік Корея басшылығы біздің келісімдерге байыппен қарайтынына ешқашан күмәнданбағанбыз. Ал нені, қалай жасайтынымыз осы баптың аясындағы өз шаруамыз болады» деді Путин.

Сарапшыларға сүйенген Financial Times басылымы Солтүстік Корея Ресейге көмектесіп жатыр деген ақпаратқа Қытай алаңдаушылық білдіргенін жазды. Қытай басшысы Си Цзиньпин Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға жазған хатында Солтүстік Кореяны "көрші дос ел" деп атамаған, бұл әдеттен тыс құбылыс.

Шілде айында, Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан кейін бір ай өткен соң, Пхеньяндағы Қытай елшісі Корей соғысының аяқталу құрметіне арналған мерекелік шараларға келмеген. Сарапшылардың пікірінше, Қытай да Ресей Солтүстік Кореяның ядролық мүмкіндіктерін жақсартуға көмектесуі мүмкін деп алаңдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG