Ресейдің Қазан қаласында 22-24 қазан аралығында дамушы елдерді біріктіретін БРИКС+ ұйымының кеңейтілген саммиті өтті. Жиынға мүше емес елдерді де қосқанда жалпы саны 30 ел басшысы мен жоғары лауазымды өкілі қатысты. Оның ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Үш күндік саммитте не талқыланды? Қандай шешімдер қабылданды? Оның Қазақстанға әсері қандай?
БРИКС+ МҮДДЕСІ НЕ?
Үкіметаралық коалиция 2009 жылы құрылды. Сол жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытайдың сыртқы істер министрлері ресми кездесіп, дамушы елдердің өзара инвестициялық мүмкіндіктерін арттыруды талқылаған. Бір жылдан кейін ұйымға Оңтүстік Африка Республикасы қосылды. БРИКС – осы бес ел атауының бас әріптерінен тұратын акроним.
Биыл БРИКС орбитасы ұлғайып, экономикалық әрі геосаяси блок ретінде танылды. Ұйым қатарына Египет, Эфиопия, Иран және Біріккен Араб Әмірліктері кірді.
2024 жылы қаңтарда Оңтүстік Африка Республикасының сыртқы істер министрі Сауд Арабиясы БРИКС клубына мүше болуға шақыртуды қабылдағанын мәлімдеді. Бірақ Сауд Арабиясының үкіметі мұны бүгінге дейін ресми растамады.
Десе де, БРИКС+ саммиті аясында қабылданған Қазан декларациясында Сауд Арабиясы БРИКС блогына мүше ел ретінде көрсетілген.
Сондай-ақ, ОАР үкіметінің өкілі блокқа тағы 34 ел кіргісі келетінін мәлімдеген. Аргентина әзірге шақырту алып, мүше болудан бас тартқан жалғыз ел болып отыр.
Қыркүйектің басында Түркия БРИКС құрамына кіруге өтініш берді. Бұған дейін ұйымға кіруге Әзербайжан да өтініш жіберген болатын. Блоктың биылғы саммиті қарсаңында Қазақстан мен Өзбекстан өзірге БРИКС-тың сырттай бақылаушы статусында қала берітіні белгілі болды.
16 қазан күні Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz басылымына БРИКС-тен ұсыныс келгенін, бірақ әзірге блок құрамына кіруге өтініш бермейтінін айтқан. Содан бір күн өткеннен кейін Ресейдің ішкі нарығына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерін реттеп отыратын “Россельхознадзор” қызметі Қазақстаннан жеткізілетін бірқатар көкөніске уақытша шектеу қоятынын мәлімдеді.
Америкалық POLITICO басылымы Қазақстан шешімі Мәскеу жоспарына соққы болды деп жазады, Бұл “Россельхонадзор” шешімінің саяси астары болды дегенге меңзейді.
БРИКС блогының жетекшілігі жыл сайын ауысып отырады. Биыл ұйымға Ресей төраға болып отыр. Ресей президенті Владимир Путин саммит барысында келесі жылы ұйымға Бразилия жетекшілік ететінін айтты.
АҚШ-тың сыртқы саясаты мен халықаралық қарым-қатынасын зерттейтін The Council on Foreign Relations зерттеу институтының жазуынша, БРИКС әлемдік саяси институттардағы дамушы елдердің репрезентациясын күшейтуді көздейді. Мәселен, биыл Ресей жетекшілік етіп отырған ұйым БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды ұсынып отыр. БРИКС елдерінің бір бөлігі БҰҰ-ның Украинадағы соғыс, Иранның атом бағдарламасы және Ауғанстан, Газа, Ливия мен Сириядағы қақтығысқа қатысты ұстанымдарын сынап келеді.
Дамушы елдер блогы әлемдік экономикада АҚШ долларының үстемдігін азайтып, халықаралық сауданы долларсыздандыруға негізделген бастамаларын көтеріп, балама қаржы жүйесін құруға талпынып жүр. Мәселен, 2014 жылы БРИКС елдері Жаңа даму банкі мен төтенше жағдайлар кезінде қаржыландыру резервін құрды. 23 қазан күні Қазандағы саммит барысында Жаңа даму банкінің президенті Дилма Роуссефф «доллар қару ретінде қолданылып отыр» деген.
БРИКС ұйымына кірген елдер арасында бірін-бірі серіктес көретін әрі қарсылас деп танитын елдер бар. The New York Times басылымы БРИКС құрамында АҚШ-ты антагонист көретін Ресей мен Иран және АҚШ-тан әскери көмек алатын Египет пен территориясында АҚШ-тың әскери базасы бар Біріккен Араб Әмірліктері бар деп жазады. Сондай-ақ, Ніл өзенінің бойындағы су электр станциясына таласқан Египет пен Эфиопия да клуб мүшесі атанып отыр.
САММИТТЕ НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ?
БРИКС+ саммиті Украинадағы соғыс басталғалы санкция құрсауында қалған Ресей ұйымдастырған ең үлкен саяси шара болды. Саммитке қатысушы елдердің өкілдері Ресейге 22 қазанда жетті. Негізгі кездесулер мен талқылар 23-24 қазанда өтті.
Саммиттен ресми ақпаратты Ресей президентінің әкімшілігі таратты. Ал саммит барысын тікелей эфирден кремльшіл медиа ресурстар көрсетті.
22 қазан күні Ресей президенті Путин Жаңа даму банкінің президентімен, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Қытай және Египет басшыларымен жеке кездесті.
Келесі күні түске дейін БРИКС ұйымына мүше 9 ел өкілдері өзара жиын өткізді. Ал түстен кейін кеңейтілген отырысқа 36 ел мен БҰҰ бас хатшысы қатысты. Отырыста БРИКС-ке мүше елдердің өзара экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынасы және ұйымның әлемдік геосаясаттағы ықпалы туралы сөз болды.
“[Әлемде] дағдарыс әлеуеті сақталып отыр және мәселе тек геосаяси шиеленістің күшеюінде емес, сондай-ақ дамыған елдердің қарыз жүктемелері өсіп келеді, біржақты санкциялар, протекционизм және әділетсіз бәсеке практикасы артып келеді” деп Батыс елдерін айыптай сөйледі Путин.
Қытай бас хатшысы Си Цзиньпин БРИКС-ке мүше елдер саны көбейгеніне меңзеп, “блок шеңберіндегі өзара ынтымақтастық Жаһандық оңтүстік бірлігі мен қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді” деді.
Карнеги қорының жазуынша, “Жаһандық оңтүстік” тіркесі 1980 жылдары дамушы елдерге қатысты айтылған. Ал қазіргі кезде бұл термин дамыған елдердің үстемдігіне қатысты айтылып жүрген “Жаһандық солтүстік” терминіне қарсы ұғымда қолданылып жүр.
Саммитке Бразилия президенті Лула да Сильва онлайн қатысты. Ол БРИКС-ке мүше елдердің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, өзара экономикалық қарым-қатынасты күшейту үшін жаңа қаржы жүйесін құру керегін айтты.
Жиынға қатысқан Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди климаттың өзгеруіне мән беруге шақырды.
“Былтыр біз [БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі] COP-28 конференциясы аясында “жасыл несие” бастамасын көтердік. БРИКС-ке мүше серіктестерімізді осы бастамаға қосылуға шақырамын” деді ол.
Иран президенті Масуд Пезешкиан сауда қатынасындағы Батыс елдерінің “әлемдік үстемдігіне” тәуелділікті азайту үшін “БРИКС құрамындағы елдердің өзара сауда жасауын жеңілдету үшін электронды платформа құру керек” деді.
Ресей президенті Путин 23 қазан күні кеңейтілген отырыстан кейін Иран, Венесуэла, Түркия және Эфиопия елдерінің президенттерімен жеке кездесті.
БРИКС+ саммитінің үшінші күнінде аутрич форматында кеңейтілген отырыс өтті және жиын сыртқы саясат пен Таяу Шығыста бейбіт келісімді орнатуға бағытталды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-ті “халықаралық ынтымақтастықтың жаһандық орталығына айналды” деп, Қазақстан Ресейдің Еуразиядағы тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті құру туралы тұжырымдамасын жоғары бағалайтынын айтты.
“Қазақстан, жалпы алғанда, Қытай мен Бразилияның Украина бойынша бейбіт жоспарын қолдайды. Біздің ел БРИКС-ке мүше мемлекеттердің Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына қатысты алаңдаушылығына құптырлықпен қарайды” деді ол.
Сондай-ақ, президент Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қолдайтынын мәлімдеді. Бұл мәселе саммит барысында жиі көтерілді.
БРИКС+ саммиті аясында Қазан декларациясы қабылданды. Нақтырақ, БРИКС-ке мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері, прокуратура басшылары, ауыл шаруашылығы министрлері және тағы бірқатар үкімет институттары арасында өзара қарым-қатынасты нығайтуға негізделген құжаттар бекітілді.
ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ?
Былтыр Қазақстан үкіметі БРИКС блогына қосылуға қызығушылық танытатынын білдірген. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров 2023 жылдың маусым айында Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында өткен БРИКС+ саммиті кезінде айтқан.
Биыл жазда Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысында Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанның БРИКС-ке кіргенін құптайтынын айтқан.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов мемлекет қаржыландыратын агенттікке берген сұхбатында Қазақстан БРИКС-пен қарым-қатынасын нығайту арқылы “құрлықтағы транзит хабына” айнала алатынын айтқан. Сарапшы бұл орайда Қазақстан үшін блокқа кіру пайдалы болмақ деген.
Десе де, Қазақстанның атқарушы билігі коалицияға кіруге асықпайтынын, әзірге бақылаушы ел ретінде қалуды ұйғаратынын, бірақ БРИКС-ке мүше мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайта беретінін білдірді.
"Себебі ұйымға қосылу мәселесін қарау көп сатыдан тұратын процесс, сондай-ақ Астана "ұйымның келешегіне байланысты басқа да мәселелерді ескеріп отыр" деді Ақорданың баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Қазақстандық саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Азаттыққа берген сұқбатында Қазақстан Батыс елдерінен алшақтағысы келмейтіндіктен БРИКС сияқты "жаһандық оңтүстік" блогына қосылуға құлықсыз деп санайды.
– Қазақстан онсыз да Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына, Еуразия экономика одағына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Ресеймен бірге мүше. Бұл қазірдің өзінде "жаһандық оңтүстік" екені түсінікті. Территориялық тұрғыдан да біз "жаһандық оңтүстікке" жатамыз. Менің ойымша, Қазақстан "жаһандық оңтүстікке" тереңдеп кіргісі келмейді, Батыс елдері мен Еуропадан қатты алшақтағанды қаламайды, – деді Үмбетәлиева.
Саммит барысында Ресей президенті Путин қасындағы шенеуніктеріне “БРИКС банкнотын” көрсеткен. Кремль өкілі Дмитрий Песков банкнот символикалық мақсатта басып шығарылғанын айтқан. Банкнотта түрлі елдердің туы бейнеленген. Оның ішінде Қазақстан жалауы да бар.
“Көп ұйымдарға мүше болмай-ақ, мәселелерді шешіп, сол мемлекеттермен қарым-қатынасты орната беруге болады”. Парламент мәжілісінің депутаты, “Аманат” фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Азаттыққа берген сұхбатында президенттің бұл шешімін құптайтынын осылай жеткізді.
Депутат Бейсенбаев “Қазақстанның тікелей сыртқы саясатын анықтайтын – мемлекет басшысы”, яғни оған басқа билік тармақтары ықпал ете алмайды деді.
Британдық Emerging Europe институты Астана шешімін “геосаяси тәуекел” деп атады. Пікір бағанын жазған норвегиялық журналист Хенрик Вереншёльд БРИКС-ке қосылуға асықпау шешімі Тоқаев үшін ұзақ мерзімдегі кішкентай жеңіс (modest victory) болғанын жазады.
Канадалық Geopolitical Monitor ресурсы БРИКС-ке қатысты Астана шешімі бейтараптықты сақтау мақсатында жасалды дейді.
“Қазақстанның БРИКС-ке қатысты шешімі Қытай және Ресеймен қарым-қатынастан бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, Қазақстан екі елмен де берік экономикалық сауда байланысын сақтап отыр” деді АҚШ-тағы Ратгерс университетінің саясаттану бойынша лекторы әрі анализ авторы Майкл Росси.
ПІКІРЛЕР