Accessibility links

Ресейдің Дзержинск қаласындағы әскери зауытқа дрондар шабуылдады


Ресейдің Нижний Новгород облысындағы Дзержинск қаласы.
Ресейдің Нижний Новгород облысындағы Дзержинск қаласы.

Жексенбіге қараған түні Ресейдің Нижний Новгород облысы Дзержинск қаласындағы жарылғыш заттар шығаратын Свердлов атындағы қорғаныс зауытына дрондар шабуыл жасаған. Бұл кәсіпорынға АҚШ, Еуропа Одағы, Швейцария, Ұлыбритания, Жапония және Украина санкция салған.

Жергілікті тұрғындар зауыт орналасқан өнеркәсіп аймағында жарылыстар болды деп хабарлады. Нижний Новгород облысының губернаторы Глеб Никитин әуе қорғанысы құралдары дрондар шабуылын тойтарды, оқиға барысында өрт сөндіру бөлімінің төрт қызметкері жараланды деп жазды телеграм-арнасында.

Ресейдің қорғаныс министрлігі бір түнде 110 дрон атып түсірілді, оның 43-і Курск, 27-сі Липецк, 18-і Орел, сегізі Нижний Новгород, алтауы Брянск, ал біреуі Мәскеу облысының аумағына құлады деп мәлімдеді. Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасын бетке алып ұшып бара жатқан дрон жойылды деген хабарды растады.

Сенбі күні кешке Белгород облысы атқыланып, төрт жергілікті тұрғын (біреуі он екі жасар қыз бала) зардап шекті деп хабарлады аймақ губернаторы Вячеслав Гладков. Барлығына медициналық көмек көрсетілген.

  • Биыл көктемнен бастап Ресейдің көп аймағында, әсіресе Украина шекарасына іргелес өңірлерінде күн сайын дерлік атыс-шабыс болып, дрондар шабуылдайды. Бейбіт халық арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Мәскеу бұл шабуылдарды Украина қарулы күштері жасады деп, соны айыптайды. Украина әскери басшылығы әдетте оған байланысты түсініктеме бермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG