Қанатай Далматов ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 19 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы шықты.
46 жастағы Қанатай Далматовтың ресми биографиясында оның Зайсан шекара отрядына қарасты шекара заставасы бастығының орынбасары, застава бастығы қызметтерін атқарғаны, кейін ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел-басқару құрамы лауазымдарында қызмет еткені жазылған.
Мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігінің жазуынша, ҰҚК әскери институтының түлегі Далматов кейінгі үш жылда шекара қызметі бастығының орынбасары болған. Дегенмен ҰҚК шекара қызметінің ресми сайтындағы басшылық бөлімде Далматовтың аты-жөні жоқ.
Ақорданың баспасөз қызметінің 2024 жылы 6 мамыр күнгі Тоқаевтың мемлекеттік наградаларды тапсырғаны туралы хабарламасында екінші дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталған Қанатай Далматов қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінің командирі ретінде көрсетілген. Далматовтың биографиясында оның қорғаныс министрлігінде қызмет еткен кезеңі де жазылмаған.
Қазақстан ҰҚК сайтындағы ақпаратқа қарағанда, қазіргі күнге дейін ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың сегіз орынбасары болған. Үшеуі биыл күзде арнайы қызмет басшылығындағы отставкалардан кейін лауазымды қызметке келген.
16 қыркүйекте Тоқаев комитет төрағасының екі орынбасары – сыртқы барлау қызметінің директоры қызметін де атқарған Асқар Әмірханов пен терроризммен күрес қызметіне жетекшілік еткен Руслан Сейсембаевты отставкаға жіберген. Екеуі де қызметтерінде бір жылдан астам уақыт отырған. Бір аптадан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен Бақытбек Қосжанов те кетті. Ол бұл қызметті екі жыл атқарған. Олардың қызметтен кету себебі айтылмады.
23 қыркүйекте Марат Жұмабаев ҰҚК төрағасының орынбасары әрі сыртқы барлау қызметінің директоры қызметіне тағайындалды. Сол күні ҰҚК төрағасының тағы бір орынбасары қызметіне Алмас Наймантаев келді. Ал 25 қыркүйекте комитет төрағасының орынбасары қызметіне Руслан Сарқұлов тағайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті – мемлекеттік құпияны қорғау, мемлекеттік шекараны күзету, терроризмге қарсы іс-қимыл, барлау және қарсы барлау қызметін атқаратын ықпалды күштік құрылым. Осыған дейін ҰҚК-ға қатысты бірнеше жемқорлық дауы болған. Кейінгі онжылдықта комитеттің жоғары лауазымды тұлғалары Қытай шекарасынан контрабандалық тауар өткізумен айналысты деген айыппен сотталды. Бұл іс қоғамда "Қорғас ісі" деген атпен танымал.
ҰҚК-ның кемінде үш жетекшісі қылмыстық істер бойынша сотталды.
2016 жылдан бастап, 2022 жылдың қаңтарына дейін ҰҚК-ға жетекшілік еткен Кәрім Мәсімов былтыр "мемлекетке сатқындық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
2016 жылы "мемлекеттік құпияны жариялады", "ақша жымқырды", "билік өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев 12 жыл түрмеге кесілді. 2020 жылы мерзімінен ерте босап шықты.
2009 жылы Еуропада тұратын ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевқа сырттай үкім шықты. Ол 20 жылға сотталды. Оған президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевпен бірігіп "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айып тағылды. Бұған қоса, тыңшылық және мемлекет мүлкін жымқыру басптары бойынша да айыпталды. Мусаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.