НАТО-ның бірнеше мүшесі Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған "жеңіс жоспарды" қолдады. Бұл жөнінде 18 қазанда Bloomberg агенттігі хабарлады.
Одақтың кейбір мүшелері Украинаны солтүстікатлантикалық одаққа шақыру Путин режиміне "қысым жасаудың" тиімді тетігі болуы мүмкін деп санайды.
Дегенмен Bloomberg-тің дереккөздері бұл мәселе бойынша НАТО-ға мүше елдер арасында қайшылық барын атап өтеді.
АҚШ президенті Джо Байден 18 қазанда Берлинге сапары барысында одақтастарын "еңсені түсірмеуге" шақырды.
"Украина әділдік пен бейбітшілікке қол жеткізгенше оны қолдауды жалғастыра беруіміз керек" деді Байден.
Германия канцлері Олаф Шольц Украинаны НАТО құрамына жедел қосуға қарсылық білдірді. Ол Украинаға неміс қаруымен Ресей аумақтарын атқылауға да рұқсат беруге қарсы.
"Біз Украинаны қолдан келгенше қолдаймыз. НАТО-ның соғысқа қатысушы тарапқа айналып кетпеуін қадағалаймыз" деді Шольц.
Германия канцлері Берлинде АҚШ президенті Джо Байден қатысқан баспасөз конференциясында сөз сөйледі.
Францияның сыртқы істер министрлігі сол күні одақтастарын Украинаны НАТО-ға шақыруға көндіруге күш салатынын айтты.
"Шақыру – бұл алғашқы қадам, саяси сигнал және біз оны қазір жасай аламыз. Одаққа мүше болу ұзақ әрі күрделі процесс екенін ескерсек те одақтастарымызды көндіруге күш саламыз" деді Францияның Еуропа істері жөніндегі делегация өкілі Бенжамен Аддад.
Одақтастар бұл жолы да Украинаға алысқа соққы жасайтын қаруды жеткізу және қолдану бойынша ортақ пікірге келе алмады.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік коммуникациялар үйлестірушісі Джон Кирби АҚШ президенті Джо Байденнің Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эммануэль Макрон және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуінің мақсаты "жабық есік жағдайында бірқатар мәселелерді, соның ішінде Ресей басқыншылығымен күресіп жатқан Украинаны қолдауды жалғастыру және Таяу Шығыста жылдам өзгеріп жатқан жағдайларға реакция білдіру" екенін айтты.
- Бес пунктен тұратын "Жеңіс жоспарында" Украинаны НАТО-ға шақыру, Украинаның қарулы күштерін нығайту және Ресейді "ядролық емес" амалдармен тежеу сияқты пунктер бар. Зеленский бұл жоспарын 17 қазанда Еуропа кеңесінде таныстырған. Украинаның негізгі одақтастары жоспармен қыркүйек соңында – қазан басында танысқан.