Accessibility links

Туризм және спорт министрі Черчесов төңірегіндегі "жағдайды өршітпеуге" үндеді


Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов
Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов

Қазақстан туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Станислав Черчесовтің қалжыңы төңірегіндегі "жағдайды өршітпеуге" үндеді.

"Әрине, Станислав Черчесовтің "француз тілі" туралы қалжыңы орынсыз. Мұны Қазақстанның футбол федерациясы да, бас бапкердің өзі де жақсы түсініп отыр. Алайда Черчесовтің міндеті – біздің құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын" деді министр Facebook парақшасында.

"Біз қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік" деді ол.

Осы апта ортасында Қазақстан футбол федерациясы қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске "французша сөйлеп тұрсың ба?" деген сөзі үшін ұлттық құрама бапкері, ресейлік маман Станислав Черчесовке айыппұл салған.

Черчесов 13 қазанда Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп жауап қатқан. Желі қолданушылары осыдан соң ресейлік бапкер Черчесовті "мемлекеттік тілді мұқатып, кемсітті" деп сынға алды.

Осыдан кейін Қазақстан туризм және спорт министрлігі футбол федерациясынан түсініктеме талап етіп, ресми сауал жіберген. Ведомство өкілдері мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілін барлық азамат құрметтеуі керек деп мәлімдеді.

Футбол федерациясы ресми мәлімдемесінде "бас бапкер Франция клубының формасын киіп келген журналиске әзілдеп жауап қайтарды, Черчесов қазақ тілі мен мәдениетін құрметтейді, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жүр" деді.

Ресейлік маман Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып биыл маусымда тағайындалды. Сол кезде оның жалақысы жайлы тараған ақпарат жұрт наразылығына түрткі болып, маманның біліктілігіне қатысты да қызу пікірталас болған еді.

XS
SM
MD
LG