АҚШ қаржы министрлігі "Гарпия" соққы дронын шығаруға атсалысқан ресейлік және қытайлық үш компания мен Ресей азаматы Артем Ямщиковқа санкция салды. Бұл жөнінде ведомство сайтында жазылған.
Санкцияға Қытайда орналасқан Xiamen Limbach Aircraft Engine (Limbach) және Redlepus Vector Industry (Redlepus) компаниялары, сонымен бірге ресейлік TD Vector фирмасы мен оның директоры Артем Ямщиков ілінген. Ямщиков сонымен бірге АҚШ 2023 жылы 12 желтоқсанда санкция тізіміне енгізген TSK Vektor компаниясына да жетекшілік етеді.
АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, қытайлық Limbach компаниясы "Гарпия" дронына арналған L550E қозғалтқышын өндіреді, ал Redlepus ресейлік TSK Vektor компаниясымен қорғаныс саласында әріптестік орнатқан. Соңғы аталған компания "Алмаз-Антей" корпорациясына еншілес кәсіпорын – "Купол" Ижевск электрмеханика зауыты мен қытайлық тасымалдаушылар арасында делдал қызметін атқарады.
2024 жылдың басынан бері TSK Vektor Ресейге авиа қозғалтқыштары мен дерек өңдеу құрылғылары сияқты Redlepus өнімдерін импорттаған. Redlepus "ТСК Вектор" мен "Купол" зауытымен бірігіп, дрон шығару жобасына қатысқан.
Reuters-тің жазуынша, "Гарпия-3" дронын "Купол" зауыты қытайлық мамандардың көмегімен шығарған. Бұл "Гарпия-A1" дронының жаңа моделі және 50 кило жүкпен шамамен 2 мың шақырым жүре алады.
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, "Гарпия" дрондарын Ресей Украинаның әскери және азаматтық нысандарына және маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға пайдаланған. Соққының салдарынан украин әскері мен бейбіт азаматтар қаза болған.
ПІКІРЛЕР