Accessibility links

Зеленский Жоғарғы радаға "жеңіс жоспарын" таныстырды


Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы радаға Ресеймен соғыста "жеңіске жету жоспарын" таныстырды. Ол бес пункт және үш құпия қосымшадан тұрады.

  1. Украинаны НАТО-ға шақыру. Зеленскийдің сөзінше, бұл "жеңіс жоспарының" алғашқы пункті. Ресей жылдар бойы Украинаның НАТО-ға мүше емес екенін пайдаланып, оның қауіпсіздігіне қол сұғып отыр деді ол. "Украинаның НАТО-дан шақыру алуы бейбітшіліктің іргетасын қалауы мүмкін. НАТО-ға мүше болу қазіргі емес, болашақтың мәселесі екенін түсініп тұрмыз. Бірақ Путин өзінің геосаяси есебі ақыр соңында ұтылысқа жетелейтінін ұғуы керек. Ресейліктер өздерінің "патшасы" геосаяси тұрғыдан жеңілгендігін сезінуі керек" деді Зеленский.
  2. Қорғаныс саласы. Зеленскийдің сөзінше, мәселе Украинаның қорғанысын күшейтуде болып отыр. Оның айтуынша, бұл пункттің сәтті жүзеге асуының маңызды бөлігі – Украина әскерінің Ресей аумағындағы операциясын жалғастыруы және Украина қарулы күштерінің позициясын нығайту, резерв бригадаларын жасақтауға көмек көрсету, Украинаның әуе қорғанысы жүйесін жаңа деңгейге шығару, украиналық ракеталар мен дрондарды көбірек пайдалану, Батыс қаруымен Ресейдегі нысандарды атқылауға рұқсат беру және Украинаны спутник және өзге де барлау құралдарының деректерімен қамтамасыз етіп отыру.
  3. Стратегиялық тежеу. Бұл пункт Зеленскийдің сөзінше, Украинада қуатты стратегиялық ядролық емес қаруды орналастыруды қарастырады. Бұл Ресейді келіссөзге мәжбүрлеуі мүмкін.
  4. Стратегиялық экономикалық потенциал. Зеленский АҚШ пен әріптестеріне Украинаның маңызды ресурстарын бірігіп қорғауды және оның экономикалық мүмкіндіктерін де бірігіп пайдалану туралы келісім жасауды ұсынды.
  5. Соғыстан кейін кезең. Украина президентінің айтуынша, соғыстан кейін Украина әскері қазіргі заманғы қару-жарақпен соғысу тәжірибесі бар, НАТО-мен өзара әріптестік орнатқан тәжірибелі ірі әскери контингентке айналмақ. Бұл альянс пен Еуропаның да қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Зеленский айтқан үш құпия қосымша екінші, үшінші және төртінші пунктіге жатады. Олар жөнінде Украинаның бірнеше ірі одақтасы біледі.

Зеленскийдің айтуынша, "жеңіс жоспары" соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға мүмкіндік беретін "көпір", өйткені ол жүзеге асса, Ресей басқыншылықтан бас тартып, келіссөзге барады.

Зеленский бұған дейін "жеңіс жоспарын" бірінші болып АҚШ президенті Джо Байден және президенттіктен үміткерлер Камала Харрис пен Дональд Трампқа таныстырған. Қазірге дейін жоспардың экономикалық, дипломатиялық және әскери аспектісі белгілі болғанмен жай-жапсары айтылмаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG