Accessibility links

Алматыда Қанды Қаңтар туралы "Жаңармаған Отаным" кітабы таныстырылды


Қанды Қаңтар туралы “Жаңармаған Отаным” атты кітаптың таныстырылымы. 12 қазан 2024 жыл.
Қанды Қаңтар туралы “Жаңармаған Отаным” атты кітаптың таныстырылымы. 12 қазан 2024 жыл.

Алматыда “Gaka art space” өнер галереясында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған “JARA” азаматтық поэзия кеші өтіп, суретші Жанель Шаханның көрмесі ашылды.

Жиында “Жаңармаған Отаным” кітабы таныстырылып, авторлар кітапқа енген өлеңдерін оқыды. Авторлар арасында Қаңтар оқиғасы кезінде жақындары оққа ұшып, қаза болған адамдар да болды.

Өлең авторларының арасында 2022 жылы Қаңтарда оққа ұшқан Алмас Ғарифуллиннің анасы Нұрзипа Ғарифуллина да бар. Ғарифуллин өзі істейтін дүкенге азық-түлікке көлікпен бара жатқан кезде оққа ұшқан. Дәрігерлер оны құтқара алмады. Алмас Ғарифуллиннің қазасына қатысты "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс "құпия істер" санатына жатқызылды. Кейін "қылмыс құрамы болмағандықтан" жабылды.

“Gaka art space” арт галереясында суретші Жанель Шаханның да Қанды Қаңтарға арналған көрмесі өтіп жатыр.

Поэзия кешін "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы, Қаңтар туралы баяндама авторы Бақытжан Төреғожина ұйымдастырған. Баяндамада азаматтардың өмір сүру құқығы, әділ сотқа тартылу құқығы бұзылғаны, сонымен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқ атуға бұйрық беруі халықаралық құқыққа қайшы келетіні жазылған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қанды оқиға ретінде танылған Қаңтар оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған. Көптеген адамның қазасы бойынша қылмыстық істер құпияланып, "қылмыс құрамы болмағандықтан" жабылған. Наразылық кезінде бірнеше мың адам ұсталған, жүздеген адам қамауда болған кезде азапталғанын мәлімдеді. Алайда азаптау бойынша істердің көбі де сотқа жеткен жоқ. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасы тиісті дәрежеде тергелген жоқ деп санайды.

Ресми Астана Қанды Қаңтар кезінде мемлекеттік төңкерістің алдын алдық деп мәлімдеді. Қазақстан билігі Қаңтарды халықаралық сарапшылардың қатысуымен тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG