Accessibility links

Зеленский Берлинде де соғысты 2025 жылы аяқтағысы келетінін айтты


Германия канцлері Олаф Шольц және Украина басшысы Владимир Зеленский қол алысып тұр. Берлин, 11 қазан 2024 жыл.
Германия канцлері Олаф Шольц және Украина басшысы Владимир Зеленский қол алысып тұр. Берлин, 11 қазан 2024 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский жұма күні Берлинге барып, Германия басшыларымен кездесті. Германия – кейінгі үш күнде ол сапарлаған Еуропадағы бесінші мемлекет. Бұған дейін Зеленский Хорватия, Ұлыбритания, Франция және Италияда болған.

Украина президентінің Еуропаға сапары 12 қазан күнгі "Рамштайн" форматы аясындағы кездесу жоспарымен байланысты болған. Бірақ Украинаға әскери көмек мәселесі талқыланады делінген "Рамштайн" жиыны АҚШ-тағы "Милтон" дауылына байланысты өтпейтін болды – АҚШ президенті Джо Байден Германияға сапарын кейінге шегерген.

Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу кезінде де Зеленский Ресеймен соғысты 2025 жылы аяқтағысы келетінін мәлімдеді. Зеленскийдің сөзінше, ол Батыс елдерінің өзге жетекшілері сияқты Шольцқа да "жеңіс жоспарын" таныстырған. Соғысты аяқтағысы келетінін Зеленский Хорватияға сапары кезінде де айтқан.

Бірқатар батыс ақпарат құралдарындағы мәліметке қарамастан Киев Ресей Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған жерінен әскерін әкетуі керек деген ұстанымын өзгерткен жоқ. Мәскеу бұл талаптан бас тартып келеді.

Жұма күні сәл ертерек Зеленский Италияға да барып, премьер-министр Джордж Меланимен "жеңіс жоспарын" талқылаған. Ватиканда ол Рим папасы Францискімен кездесті.

Олаф Шольц жұма күні Зеленскиймен кездесуден кейін Берлинде өткізген баспасөз жиынында Германия, Бельгия, Дания және Норвегия Украинаға тағы 1,4 млрд еуро көлемінде әскери көмек бөлетінін хабарлады. Осы көмек пакеті аясында Украинаға қосымша әуе қорғаныс жүйесі (арасында IRIS-T және Skynex те бар), сонымен бірге бронды техника, әскери дрон, радар және артиллериялық оқ-дәрі берілетіні белгілі болды.

Зеленскийдің Шольц және Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесуінің жай-жапсары айтылмады. Reuters-тің жазуынша, Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок жұма күні Ресей президенті Владимир Путин бейбіт келіссөзге дайын еместігін және Германия канцлері Олаф Шольцпен те телефон арқылы сөйлесуден бас тартқанын хабарлады. Кремль әзірге бұған түсініктеме бермеді.

Дереккөздерге сүйенген Politico басылымының жазуынша, Еуропа елдеріне сапары барысында Украина басшысы олармен өзге жайттардан бөлек, НАТО-ға мүшелікпен пара-пар деңгейдегі қауіпсіздікке кепілдік беру, Украинаның әуе қорғаныс жүйесін дамыту, Ресей нысандарын батыс қаруымен атқылауға рұқсат беру, Украинаның қорғаныс өнеркәсібін дамыту сияқты жайттарды талқылаған. Басылымның жазуынша, кейбірі орындалуы мүмкін, ал Ресей нысандарын батыс қаруымен атқылауға рұқсат беру сияқты кейбір өтініштердің орындалуы неғайбыл.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG