Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің студенті Б.А. адамның ағза мүшелерін саудалаумен айналысты деп кінәлі танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды деп жазды Kun.uz сайты.
21 жастағы жігіт 38 мың долларға - бүйрек, 43 мың долларға - бауыр, 23 мың долларға жілік майын сатып алатыны жөнінде хабарландыру берген. Оған ағза мүшелерін сатқысы келетін адамдар хабарласқан.
Студент органдарды ауыстыру операциялары Германияда жүргізілетінін, оған таныстары көмектесетінін айтқан. Бірақ осындай қызметі үшін 350 доллар алатынын айтып, шарт қойған. Оған бүйрегін сатуға келіскен ер адам хабарласқан. Күштік құрылымдар студентті ақша алып жатқан кезде ұстаған.
Сотта студент ақша қатты керек болғандықтан ағза мүшелерін сатып алатыны туралы жалған хабарлама бергенін, жұрттан 350 доллар алып, оларды алдап кетпек болғанын айтты. "Германияда хирург таныстарым бар" дегені де өтірік болып шыққан.
Студент "Адамның ағза мүшелерін алып-сатумен байланысты қылмысқа оқталу" бабы бойынша кінәлі танылды. Оның бостандығы үш жылға шектелді.
БҰҰ сарапшылары адамның ағза мүшелерін сатудың «қара» нарығы әлемнің бірқатар аймақтарында дамып келе жатқанын, бірақ адам ағзаларының заңсыз айналымының ауқымы бойынша нақты дерек жоқ екенін атап өткен. Көп елде адамның ағза мүшелерін сату қылмыс саналғанмен кейбір елдерде қатаң заңның болмауы немесе орындалмауы аталған қылмыс түрінің жандануына жол ашқан.
Өткен айда Қазақстан ІІМ 2024 жылдың алғашқы 9 айында елде адамның ағза мүшелерін сату фактісі бойынша 15 қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеген.
Былтыр қазанда ІІМ "адамның ағза мүшелерін алып-сату схемасын құрған қылмыстық топтың мүшелерін" анықтағанын хабарлаған.
"Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелері 22 айыпталушыны (ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариустар, реципиенттер мен донорлар) анықтады, олар реципиенттерді, донорларды іздеу, жалған құжаттарды өңдеу және органдарды трансплантациялау операцияларын ұйымдастыру міндеттерін бөліп алған" деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің өкілдері.