Accessibility links

Атырауда суға батқан жасөспірімнің жақындары әділ тергеуді талап етті


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Атырауда суға батып кеткен 14 жастағы ер баланың туыстары әділ тергеуді талап етіп, бүгін жергілікті прокуратура алдына барды.

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің облыстық прокуратура алдында тұрған туыстарына күш қолданып, бір әйелді бірнешеуі екі аяғы мен екі қолынан көтеріп апара жатқаны көрінетін видео тарады.

Азаттық әзірге наразылардан өздерінен жауап ала алмады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, 11 қазанда сағат 9-дар шамасында “қала тұрғыны облыс прокуратурасына жақын қиылыстағы көлік қозғалысын шектемек болған”, "сақшылардың талабына бағынбаған".

“Аталған азаматша тамыз айында болған Жайық өзеніне достарымен барып, қайтыс болған жасөспірімнің анасы. Ол дерек бойынша, полиция тамыз айынан бері қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеудің кешенді іс-әрекеттері жан-жақты жүргізіліп, жәбірленушіге түсіндіріліп айтылған. Тергеу барысы департамент басшылығының тікелей бақылауында” деп жазылған хабарламада.


Биыл тамызда Атырау қаласының маңындағы Ақжар ауылында 14 жастағы жасөспірім суға батып кеткен. Кейін баланың туыстары оны “суға итерді” деп күдікке ілінген жасөспірімдерден полиция жауап алып жатқанын хабарлаған.

Кейінгі кезде Атырауда адамдардың суға бату оқиғалары жиілеген.

Былтыр Атырау облысында 13 адам суға батып кеткен. Оның үшеуі – бала. Жетеуі шомылу маусымы кезінде суға кеткен. Ал биыл шілде айында олардың саны 9-ға жеткені хабарланған. Мұндай оқиғалардың алтауы 1 маусымнан бері тіркелген. Төртеуі - бала.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG