2021 жылы ақпанда "экстремистік бап" бойынша сотталған және негізгі жазасын өтегеннен кейін талай рет қудаланған қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов қайта қамалды.
7 қазанда Қарағандының әкімшілік соты Нұрмағановты 10 тәулікке қамады.
Сот оны "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (434-бап 1-бөлігі) бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, ол қоғамдық орында "бейпіл сөз" айтып, автобус жолаушысын "тиісіп қорлады" деп танылды. Сот кезінде жәбірленуші деп танылған жолаушының Қарағанды полициясы бөлімінің қызметкері екені анықталды.
Белсенді жазасын Алматы қаласында өтейді. Ол сонда жұмыс істеп жүр.
Нұрмағанов онлайн сотқа полиция бөлімінен қатысты.
Сот мәліметіне қарағанда, оқиға 1 қазанда Қарағандыдағы қоғамдық көлікте болған. Сол кезде Нұрмағанов кейін өзінің үстінен арыз түсірген жас әйелге бейпіл сөз айтқан.
Сотта Асқар Нұрмағанов кінәсін мойындап, "қатты ашуланып, бейпіл сөз айтып қойғанын" жеткізді.
Сот алдында ол Азаттыққа оқиғаны "арандату әрекеті" деп санайтынын айтты.
Шағым түсіруші сотта Нұрмағановқа қатысты түсірген арызын растады. Сот Нұрмағановтың бұрын бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылғанын жағдайды ауырлататын жайт деп таныды.
2021 жылы Асқар Нұрмағанов "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" (іс "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысты. Астана соты оны "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) 1,5 жылға сотталған. Ол айыппен келіспей, өзін саяси себеппен қудалап отырғанын айтқан. Ол сот үкіміне шағым түсірмек болған, алайда шағымы қабылданбады. Кейінгі 2-3 жылда Нұрмағанов оппозиция митингілері қарсаңында бірнеше рет ұсталып, әкімшілік жазаға тартылған.