Accessibility links

Назарбаев "табыс пен бақыт тілеп", сұрақ қойған журналистерге қайырылмастан кетіп қалды


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев АЭС құрылысы бойынша референдум учаскесінде дауыс беріп тұр. Астана, 6 қазан 2024 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев АЭС құрылысы бойынша референдум учаскесінде дауыс беріп тұр. Астана, 6 қазан 2024 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев АЭС құрылысы бойынша Астанадағы учаскеде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап бермеді.

Жұрт алдында сирек көрініп жүрген Назарбаевқа Азаттық тілшісі "қазір Қазақстанда тұрып жатсыз ба?" деген сұрақ қойған. Назарбаев журналистердің сәлемін қабылдап, "Сәлеметсіздер! Табысты болыңдар, бақытты болыңдар, жарай ма?" деді де артқа қайрылмастан кетіп қалды.

Назарбаевтың жанында оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай болды.

Дауыс беруге экс-президент туыстарынсыз жалғыз өзі келді.

84 жастағы Назарбаев былтыр "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" дейтін мемуары жарыққа шыққалы бері алғаш рет камера алдына шығып отыр.

2023 жылы қарашада жарық көрген кітабында Назарбаев 60-қа таяған шағында өзінен шамамен 40 жас кіші Әсел есімді әйелмен «мұсылманша неке» қиғанын, одан Тауман мен Бәйкен есімді екі ұлы барын алғаш рет мойындайды. Кәмелет жасқа толған оның үлкен ұлы Тауманның дауыс беруге құқығы бар.

Назарбаевтың ресми биографиясында оның әйелі Сара Назарбаева екені, ерлі-зайыптылардың үш қызы (Дариға, Динара және Әлия) бар екені жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін әлсіреген. Қаңтар кезінде Талдықорғанда оның ескерткіші қиратылды. Қанды Қаңтардан кейін оның айналасындағы адамдардың кейбірі қызметтен алынып, кейбірі қамалды. Оның ықпалын әлсірететін бірқатар заңнамалық бастамалар көтерілді. Экс-президент "елбасы" мәртебесінен де айырылды. "Бірінші президент — Елбасы туралы" заң Назарбаевтың жеке басына ғана емес, оның жақын туыстарына да құқықтық иммунитет берген.

XS
SM
MD
LG