Accessibility links

АЭС тақырыбы бойынша "заңсыз сауалнама жүргізгені үшін" 24 адам жауапқа тартылды


Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев.

Қазақстанда АЭС референдумы алдындағы үгіт-насихат кезеңінде 24 заңсыздық анықталды. Барлығы да қоғам арасында сауалнама жүргізуге қатысты. 4 қазанда орталық сайлау комиссиясының отырысы кезінде бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, заңнаманы бұзғандар әкімшілік жазаға тартылған.

Өмірәлиевтің сөзінше, референдумға дайындық кезінде ведомствоға "заңсыз сауалнама жүргізген" және "анонимді түрде үгіт-насихат материалдарын таратқан" адамдарға қатысты төрт шағым түскен.

Бұған дейін елде "сайлаумен байланысты қоғамдық сауалнама жүргізу ережесін бұзу" бабы бойынша бірқатар блогерлер мен белсенділер және ақпарат құралдары жауапқа тартылған еді.

Бір күн бұрын Оралда сот "Журналистік бастама" компаниясының жетекшісі Тамара Еслямоваға АЭС бойынша тұрғындардан пікір сұрап, видеоға түсіргені үшін айыппұл салған. "Уральская неделя" басылымының бас редакторы әрі құрылтайшысы Тамара Еслямова сот қаулысына шағым түсіретінін жеткізді.

Қазақстанда АЭС бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді. Референдум өткізуге қазынадан 15,5 млрд теңге жұмсалмақ.

XS
SM
MD
LG