Accessibility links

Израиль Бейруттың оңтүстігіндегі аудандарға бірнеше соққы жасады


Израиль соққысынан кейінгі Бейруттың оңтүстігіндегі аудандар.
Израиль соққысынан кейінгі Бейруттың оңтүстігіндегі аудандар.

Жұмаға қараған түні Израиль әскері Ливан астанасы Бейрутқа әуеден тағы да соққы жасады. Ливанның ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "бір мезетте оннан астам соққы жасалған, бұл Бейруттың оңтүстігіндегі аудандарға жасалған ең қуатты шабуылдардың бірі".

Израиль әскері бұған түсініктеме бермеді, алайда осыған дейін Бейрут әуежайына жақын Дахия ауданы тұрғындарын басқа жаққа кетуге шақырған.

Дахия ауданы ираншыл "Хезболла" тобы шоғырланған орын деп айтылады. Оған Израиль әуеден жиі соққы жасайды.

Axios порталы мен CNN телеарнасы дереккөздерге сүйеніп, Израиль бұл жолы 27 қыркүйекте өлтірілген "Хезболланың" жетекшісі Хасан Насралланың немере інісі Хашим Сафи әд-Динді нысанаға алған болуы мүмкін деп топшылайды.

2017 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті оны "ерекше санкцияға ілінген ғаламдық террористер тізіміне" енгізген.

Израиль дереккөздеріне сүйенген The New York Times жазуынша, Сафи ад-Дин 4 қазанда Дахиядағы жертөледе өткен қозғалыс жетекшілерінің кездесуіне қатысқан. ЦАХАЛ дәл осы жертөлені нысанаға алған деп айтылады. Хашем Сафи ад-Диннің шабуылдан зардап шеккені-шекпегені белгісіз.

Бейсенбі күні кешке AFP дереккөзі Израиль әскері Бейрут әуежайы маңындағы қойманы да көздегенін хабарлады. Қоймада не бары айтылмайды.

  • АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне ливандық ираншыл "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері екі жақ арасында жағдай ушығып, шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.
  • Израиль ливандық "Хезболла" қарулы тобына қарсы "Солтүстік жебе" атты операцияны 23 қыркүйекте бастаған. Оның мақсаты - аталған қарулы топтың әскери инфрақұрылымын жою және елдің солтүстігінде эвакуацияланған израильдіктердің үйлеріне қайтуына жағдай жасау деп айтылды. ЦАХАЛ Ливанға "ірі операция" бастамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG