Қазақстанда 31 нысанның цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар. 2023 жылы олар 1,481 млрд кВт-сағ электр тұтынған. Бұл жалпы тұтыну көлемінің 1,1 пайызын құрайды. Электр желілерін басқару жөніндегі "KEGOC" компаниясының Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осындай мәлімет айтылады.
KEGOC-тің мәліметінше, биыл 2024 жылдың 8 айында майнинг компаниялар 1,3 млрд кВт-сағ жұмсаған. Бұл жалпы тұтыну көлемінің - 1,6 пайызы.
"2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша майнинг нысандарының ең көп тұтынуы төмендегі өңірлерде байқалып отыр: Павлодар энергия торабында 217 млн кВт-сағ (энергия торабын тұтынудың шамамен 1,7%), Қарағанды энергия торабында 359 млн кВт-сағ (3,5%), Шығыс Қазақстан энергия торабында 221 млн кВт-сағ (3,5%), Жетісу энергия торабында 50 млн кВт-сағ (4,6%), Жамбыл энергия торабы 181 млн кВт-сағ (5,4%), Батыс Қазақстан энергия торабы 97 млн кВт-сағ (5,9%), Атырау энергия торабы 147 млн кВт-сағ (2,72%), Маңғыстау энергия торабы 13 млн кВт-сағ (0,36%)" деп жазылған ресми жауапта.
Қазақстанда цифрлық майнингпен айналысқысы келетін компаниялардың қызметі хабарлау және құжат алу тәсіліне қарай үш категорияға жіктеледі: рұқсат алу, лицензиялау және ескерту.
2023 жылдың 31 наурыз күнгі мәлімет бойынша цифрлық даму министрлігіне 260 ұйым цифрлық майнинг саласында қызметін бастағанын ескерткен. 59 ұйым цифрлық майнингке арнаған инфрақұрылым беретіні жөнінде хабарлаған. KEGOC-тің ресми жауабында олар туралы айтылмаған және олардың қанша электр тұтынатыны белгісіз.
Дегенмен Mассучусетс университетінің бюллетенінде 2022 жылы Қазақстанда майнинг индустриясы елде өндірілетін энергияның 7 пайызын жұмсайтыны жазылған болатын. Кейбір дереккөздерде оның көрсеткіші биыл 19 пайызға жеткені айтылады.
Қазақстанның ресми органдары ел аумағында "майнингпен заңсыз айналысқан фермаларды анықтағаны жөнінде" ақпаратты жиі хабарлап отырады. Биыл қыркүйекте Астанада "қозғалтқыштарды жөндеумен айналысамыз" деп шын мәнінде майнингпен айналысқан фермадан шамамен 1.3 майнинг құрылғысы тәркіленгені хабарланды.
Қазақстанда билік энергия тапшылығы жөнінде жиі айтып, АЭС салу туралы шешім қабылданайын деп жатқан тұста елдегі энергия тапшылығына майнинг фермаларының көбеюін де кінәлайтындар бар. Ал кей сарапшылар энергия тапшылығын майнингпен қатар инфрақұрылымдардың ескілігі, апаттар ушықтырып отыр дейді.
Қыркүйек айында Алматыда майнингпен айналысатын компания өкілі Азаттыққа майнинг компаниялардың жұмысы барған сайын қиындап бара жатқанын айтқан.
"Себебі жылдың басында сатып алған құрылғылар бірнеше айдан кейін ескіріп кетеді. Себебі биткоин өндіру барған сайын қиындап барады, ол көп энергияны талап етеді. Бірақ энергия тапшылығын одан көруге болмайды. Қалай болғанда да энергияға деген сұраныс барған сайын арта береді ғой" деген еді аты-жөнін айтпаған компания өкілі.
Cambridge bitcoin electricity consumption индексіне сәйкес, Қазақстан биткоин және хешрейт өндіру бойынша әлемде алғашқы үштікке кіреді.
ПІКІРЛЕР