Accessibility links

Адвокат: түрмеде аштық жариялаған Марат Жыланбаев жылы киімдер мен өзіне келген хатты ала алмай отыр


"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеу мәселесіне қатысты баспасөз жиынына қатысып отырған Марат Жыланбаев. 2022 жыл.
"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеу мәселесіне қатысты баспасөз жиынына қатысып отырған Марат Жыланбаев. 2022 жыл.

Степногорскідегі №4 мекемеде отырған марафоншы, белсенді Марат Жыланбаев өзінің құқықтарының сақталмай отырғанын адвоткаты арқылы мәлімдеді. Абақтының басшысы жауап беруден бас тартты.

Оппозициялық саясаткер, танымал марафоншы Марат Жыланбаев өзіне келген хаттарға да, жылы киімдерге де қол жеткізе алмай отыр. Онымен адвокаты Мейіржан Досақараев 1 қазанда жолыққан.

3 қазанда Жыланбаевтың өзіне тағылған айыпқа наразылық ретіне аштық жариялағанына 21 күн болды. Адвокаттың сөзінше, қылмыстық атқару кодексінің талаптарына сай, ол аштық жариялаған соң медициналық бөлімде болуы керек болған, бірақ оны арнайы тәртіптік изоляторға оқшаулаған. Адвокаттың айтуынша, бұрын туберкулез диспансері болған бұл мекемедегі тәртіп изоляторы деп аталатын бөлменің жағдайы өте нашар.

- Ол жер өте суық. Тәртіп изоляторындағы камерада екі терезе бар. Біреуі Мараттың кереуетіне қарсы. Ол бір қабат терезеден қатты суық ұратынын айтып, мекеме гаражында 20 терезе жақтауының жатқанын, соның бірін сырт жақтан орнатуды сұраған. Бұған қоса жылы курткасын, қосымша көрпе беруді өтінген. Бірақ әлі алмады. Бұрын тубдиспансер болған ол жер өте қауіпті, - дейді адвокат Досқараев.

Ол түрме басшылығына Жыланбаевтың өтінішін жеткізгенін, бірақ мекеме басшысы «қарызымыз өтелгенше бізге жылу қосылмайды» деп жауап бергенін айтады.

Адвокат Азаттыққа Марат Жыланабевтың түрме басшысына жазған арыздарын көрсетті. Оның бірінде марафоншы өзіне келген хатты да ала алмай отырғанын жазған.

"Мен камераға қарсы орнатылған видеоға көрінетіндей етіп «Неге үш күннен бері маған келген хаттарды бермей отыр?» деп плакатқа жазып, іліп қойдым. Бірден түрме қызмектерлері жүгіріп келді. Уақыттың кеш болып кеткенін, әлдебір ғимараттың жабық екенін айтты. Мен Қылмыстық атқару жүйесі комитеті адам құқығының мұнда да сақталуы тиістігін біледі деп ойлаймын" деп жазған арызында Жыланбаев.

Азаттық Степногрскідегі №4 мекеме басшысы міндетін атқарушы Қанат Тұлақовқа қоңырау шалды. Бірақ ол жауап беруден бас тартты. Жыланбаевтың жағдайына қатысты ресми сауал Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне де жолданды. Жаңалық жарияланғанға дейін жауап түскен жоқ.

Марат Жыланбаев "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен 2023 жылы қарашада 7 жылға сотталған. Ол сот тергеуі кезінде де, абақтыда өзіне тағылған айыпты «саяси астары» барын айтып, бірнеше рет аштық жариялаған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Тамызда халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Биыл 5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартып, сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG