3 қазанда таңертең Израиль Бейрут орталығына соққы жасады, соның салдарынан алты адам қаза болды, жеті адам жараланды. Бұл жөнінде Ливанның денсаулық сақтау министрлігіне сүйенген Reuters жазды.
Агенттіктің Ливан арнайы қызметіндегі дереккөзінің хабарлауынша, соққы парламентпен қатар тұрған ғимаратқа тиген. Израиль армиясы Бейрутқа соққы жасағанын растап, бірақ оның салдары туралы мәлімет таратпады.
Reuters мәліметінше, тағы үш ракета Бейруттың оңтүстігіндегі Дахия ауданына түскен. Өткен аптада ол жақта "Хезболла" қарулы тобының жетекшісі Хасан Насралла өлтірілген еді. Ливан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен тәулікте Израиль соққысынан 46 адам мерт болған, 85 адам жарақаттанған.
ЦАХАЛ жағдайдың ушығуына байланысты үйлерін тастап кеткен ливандықтарды әзірге үйлеріне оралмауға үндеді. Бұған дейін Ливан билігі 1,2 млн адамды эвакуациялауға мәжбүр болғанын айтқан.
Израиль ливандық "Хезболла" қарулы тобына қарсы "Солтүстік жебе" атты операцияны 23 қыркүйекте бастаған. Оның мақсаты - аталған қарулы топтың әскери инфрақұрылымын жою және елдің солтүстігінде эвакуацияланған израильдіктердің үйлеріне қайтуына жағдай жасау деп айтылды. ЦАХАЛ Ливанға "ірі операция" бастамайтынын мәлімдеген.
"Үлкен жетілік" елдері Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Олар ешбір тарапқа қақтығыстың болғаны қажет емес және оны әлі де болса дипломатиялық жолдармен шешуге болады деп санайды. Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу бойынша дереу шара қабылдауға шақырды. Израиль бұған дейін "Хезболла" Израильді атқылауын тоқтатпаса, аталған қарулы топпен күресуден "басқа амал қалмайды" деп мәлімдеген.
- АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасаған күннің ертесіне ливандық ираншыл "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері екі жақ арасында жағдай ушығып, шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.
ПІКІРЛЕР