Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында қырғыз кәсіпкерлерін ақшаны елдің дамуына салуға тағы шақырды.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қырғызстанда байлығын доллармен есептегенде 5-6 миллиардер және 200 шақты миллионер бар. Олардың басым бөлігі ақшасын офшорда ұстайды.
"Дәл осы себепті мүлікті заңдастыру туралы заң қабылдадық. Алайда әлі күнге дейін олар елге ақшасын толық әкелген жоқ. Жартылай қайтарып, құрылыс саласына ақша салғандар бар" деді Жапаров.
Ол сонымен бірге кәсіпкерлерді активтерін елге әкеліп, мемлекеттік жобаларға салудан қорықпауға үндеді. Президенттің сөзінше, мемлекет экономикаға пайда әкелетін барлық жобаны қолдауға дайын.
"Сынап жүргендер, арасында журналистер де бар, жол саласына ғана емес, барлық салаға инвестор тапсын, қатыссын, жұмыс істесін" деді ол.
2024 жылы ақпанда Садыр Жапаров "қалталы азаматтарға" қайырылып, мүлікті заңдастыру туралы заңды пайдаланып, шетелдегі активтерін елге қайтаруға шақырған. Оның сөзінше, аталған заң "капиталдың 100 пайыз сақталуына кепілдік береді".
Жапаров өзінің де 20 млн долларлық мүлкін заңдастырғанын атап өтті. Ол Бішкектің Ибраимов көшесінде орналасқан 2005-2010 жылдары салынған ғимаратты заңдастырған.
"Жеке тұлғалардың акивтерін ерікті түрде заңдастыру және кешіру" туралы заңға Жапаров 2023 жылы маусымда қол қойған. Биліктің түсіндіруінше, құжаттың мақсаты - "жеке тұлғаларға тиесілі мүлікті өз еркімен декларациялаудың құқықтық механизмін жасау арқылы олардың мүлкі мен кірістерін заңды экономика айналымына енгізу".
Бір жылдан кейін Жогорку кеңеш легализация мерзімін 2024 жылдың соңына дейін ұзартатын өзгерісті мақұлдады.