2 қазанда мәжілістің жиынынан кейін журналистер бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен Азаттық жүргізген "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуі туралы сұрады.
"Шетелдегі активтерді қайтару бойынша заң қабылданды, тиісті комитет құрылды, бүгін бас прокуратурада осыған қатысты ғылыми конференция өтіп жатыр, сол конференцияның нәтижесі бойынша тағы да мағлұмат беріледі" деді ол.
Тілшілердің бірі Қойгелдиевтен "журналистер бүкіл тізімді беріп тұрса, конференция өткізіп не керек?" деп сұрады.
"Жұмыс жүріп жатыр. Бізде реестр бар, ондағы ақпарат шектеулі мәліметке жатады. Бәрін аша алмаймыз. Онда имидж беделі бар. Онда мұндайға рұқсат етпейтін көптеген фактор бар" деді Қойгелдиев.
Прокуратура өкілі "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуі бойынша "кімдер тексерілді" деген сұраққа нақты жауап бермеді.
Бас прокурордың орынбасары "тізімдегі адамдар туралы қандай да бір сұрау жасайсыздар ма, бақылау бар ма?" деген сұраққа "бақылау бар, бірақ қазір толық мағлұмат бере алмаймын" деп жауап қатты.
3 қазанда "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінің жаңа бөлімі шығады. Төртінші бөлімде әкімдер туралы айтылады.
Алдыңғы бөлімдерде қазіргі және бұрынғы депутаттардың, құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділерінің, мұнай-газ саласында ірі қызмет атқарған азаматтардың мүлкі сөз болған.
ПІКІРЛЕР