Accessibility links

Германия канцлері Шольцтың Путинмен телефон арқылы сөйлесетіні хабарланды


Олаф Шольц
Олаф Шольц

Германияда канцлер Олаф Шольц Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесетіні жөнінде ақпарат тарады.

Бұл ақпаратты сейсенбі күні алғашқылардың бірі болып үкіметтегі дереккөздерге сүйенген Die Zeit басылымы жазды. Басылымның мәліметінше, телефон әңгіме қарашада Бразилияда өтетін G20 елдерінің кездесуі алдында болуы мүмкін. Дегенмен Берлин әзірге Кремльге әңгіме жөнінде өтініш білдірмеген.

Канцлер әкімшілігіне сүйенген Süddeutsche Zeitung басылымының жазуынша, телефон әңгіменің нақты жоспары мен мерзімі де талқыланбаған.

Бұған дейін Олаф Шольц Украинадағы соғысты тоқтату бойынша келіссөз ендігәрі тек Путиннің қатысуымен өтеді деп мәлімдеген еді. Кей ақпаратқа қарағанда, бұл мәселені неміс канцлері қыркүйекте Украина басшысы Владимир Зеленский Германиядағы АҚШ әскери базасына барған кезде талқылаған.

Соңғы рет неміс канцлері мен Ресей басшысы арасында телефон келіссөз 2022 жылы 2 желтоқсанда өткен. Ол кезде екі басшының ұстанымдары өзгеріссіз қалған. Ол кезде Шольцтың "Путин соғысудан мән жоқ екенін мойындайды" деген үміті расталмаған еді.

Мәскеумен телефон арқылы келіссөз жүргізу бойынша нақтьы жоспар 2023 жылы тамызда "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин мінген ұшақ апатқа ұшыраған кезде айтылған. Алайда Мәскеу жағы ешқандай белгі бермегендіктен канцлер әкімшілігі әңгімені кейінге шегерген.

12 қазанда Раймштайнда Украинаны қолдайтын Батыс елдерінің өкілдері жиналады. Оған АҚШ президенті Джо Байден мен Украина басшысы Владимир Зеленский де қатыспақ.

XS
SM
MD
LG