Accessibility links

"Өзбектің Жириновскийі" Ташкент батылы бармаған мәлімдемелерді айтып жүр


Өзбек депутаты Әлішер Қадыров және Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова
Өзбек депутаты Әлішер Қадыров және Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова

Өзбек депутаты Әлішер Қадыровты көпшілік бұрын қайтыс болып кеткен ресейлік ұлтшыл саясаткер Владимир Жириновскиймен салыстырады. Депутат орынсыз мәлімдемелер жасап, Ресей туралы ойын "бүкпесіз" айтады. Мұндай мәлімдемелерді Өзбекстанның басқа өкілетті тұлғаларынан немесе сыртқы істер министрінен естімейсіз.

Осы аптада Өзбекстандағы мектептердің бірінде болған оқиға Ресей мен Өзбекстан арасындағы ресми дауға ұласты. Бұл жолы Ресей сыртқы істер министрлігінің сарказмға салып, сенімді сөйлейтін баспасөз хатшысы Мария Захароваға "лайықты қарсылас" табылды.

Оқиға 23 қыркүйекте Ташкенттегі мектептердің бірінде болған. Орыс тілі мұғалімі 10 жастағы баланың құлағын бұрап, бетінен ұрған. Бұған оқушының мұғалімнен “Неге орысша сөйлемейсіз?” деп сұрауы себеп болған.

Оқиға орнынан түсірілген видео интернетте кең тарап, ресейлік қолданушылар видеоны қызу талқылады.

25 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова ақпарат құралдарына берген сұхбатында "Мәскеу Өзбекстаннан ресми түсініктеме беруді сұрағанын" айтты. Захарова оқиғаны зерттеп, мұғалімге қарсы шара қолдануға шақырды.

Ресейдің өзбек мектептеріндегі жағдайға араласуы Өзбекстан халқының да шамына тиді.

Өзбекстан парламенті төменгі палатасы төрағасының орынбасары Әлішер Қадыров Telegram-да Захароваға жауап берді.

Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитіндегі үзіліс кезінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен сөйлесіп тұр. Өзбекстан, Самарқан 15 қыркүйек 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин ШЫҰ саммитіндегі үзіліс кезінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен сөйлесіп тұр. Өзбекстан, Самарқан 15 қыркүйек 2022 жыл.

«[Ресей] біздің ішкі ісімізге араласқанша, бір басына жетіп-артылып жатқан өз мәселелерін шешсе, жақсы болар еді», — деп жазды «Миллий тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) демократиялық партиясының басшысы Қадыров.

«Өзбекстан мектебінде өзбек баланың құқығының бұзылуын зерттеу өзбек заңдарына сай жүреді. Жоқ жерден шу шығарудың қажеті жоқ», — деді депутат.

"ӨЗБЕК ЖИРИНОВСКИЙІ"

Қадыров — тепе-теңдік пен тыныштықты жаны сүйетін өзбектің саяси элитасындағы орны бөлек құбылыс. Ол шу шығару жолдарын жақсы біледі.

Осы айдың басында Орталық Азия бойынша сарапшы Брюс Панниер Times of Central Asia газетіне жазған мақаласында депутатты "Өзбекстандағы ресейлік шовинизмге қарсы күресіп жүрген бас тұлға" деп атаған.

“Өзбекстанның саяси жүйесі авторитар екенін ескерсек, Қадыров биліктегі жоғары шенді тұлғалардың мақұлдауынсыз мұндай мәлімдемелер жасай алмас еді”, — дейді Панниер. Сарапшы Кадыровтың Совет Одағы мен орыс национализміне қатысты бірнеше пікірін мысалға келтіреді.

Мәселен, депутат жыл басында ресейлік саясаткер әрі ғалым Орталық Азия халықтары мен олардың тарихын қорлайтын мәлімдеме жасаған соң, Өзбекстандағы ресейлік арналарды жауып тастайық деген ұсыныс жасаған.

Қадыровты “Өзбек Жириновскийі” деп атайды. Владимир Жириновский Ресейдің ұлтшыл саясаткері болған. Ол көзі тірісінде үнемі Ресейдің постсоветтік елдерге қатысты саясатына белсенді араласып, даулы мәлімдемелер жасаған.

Қадыровтың өзіне мұндай теңеу ұнамайды.

2022 жылы қазанда Қадыров британдық журналист Джоанна Лиллиспен әңгімеде Жириновский сияқты шовинист еместігін, Өзбекстанның "ұлттық дәстүр мен құндылықтарға үйлесе отырып дамығанын қолдайтынын" айтқан.

Десе де Қадыров бірде Өзбекстаннан ЛГБТ өкілдерін депортациялауды ұсынып, кезінде Жириновскийде айқын байқалған төзімсіздікті еске салған.

Қадыровтың Жириновский аталуына басқа себептер де бар.

Мәселен, ол да Жириновский сияқты ашық инсайдер әрі жүйелі оппозиционердің рөлін ойнайды. Бірақ өзіне белгіленген рөлден артық саяси билікке ұмтылмайды.

2021 жылғы президент сайлауында басқа үш кандидатпен бірге Қадыров та президент Шавкат Мирзияевқа "қарсылас" болды. Көп сайлаушы сол кезде дауыс беру бюллетеніндегі тұлғалардан Мирзияев пен Қадыровты ғана танитынын айтқан.

Бірақ Қадыров ешқашан президент билігін тартып алуға тырысқан жоқ. Тіпті, Мирзияев шетелде жұмыс істейтін өзбектердің үйіне жіберген ақшасына салық салуды ұсынып, көптің сынына қалғанда да, президенттің осал тұсын пайдаланбады.

2023 жылғы кезектен тыс сайлау қарсаңында Қадыров пен ол басқаратын «Миллий Тикланиш» партиясы Мирзияевті қолдады.

ЖАҢА ӘДІС ПЕ?

Қадыров — Өзбекстан үшін тың құбылыс. Елді 25 жылға жуық басқарған Ислам Каримовтың тұсында президенттің өзінен басқа ешкім мұндай өткір сөздер айта алмайтын.

13 жыл премьер-министр болған Мирзияевтің өзі Каримов қайтыс болғаннан кейін ғана жарыққа шығып, тұлға ретінде ашылды.

Өзбекстанның дипломатиялық қауымдастығы да өзін бұрыннан сақ ұстайды.

Бірақ Ташкент қазіргі геосаяси жағдайға жаңа әдіс керек деп шешкен сияқты.

Кейінгі он жылда Ресей Украинаға әскери басқыншылық жасап, Ресей империясы мен Совет Одағы тарихын агрессивті түрде қорғай бастады.

2015 жылы Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған Захарова осы тенденцияның жарқын үлгісіне айналды.

Одан бөлек, бұрын Мәскеудің тікелей бақылауында болған елдерді сынап, қорлауға дайын тұратын ресейлік сарапшылар, журналистер мен депутаттар бар.

Мұндай жағдайлар сыртқы істер министрлігіне "қосымша жұмыс" тауып береді. Мұның жайын Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жақсы біледі.

Захарованың сөзінен кейін Ресейге дипломатиялық жауап берейік деген талап күшейді.

«Солтүстіктегі өзін “үлкен ағамыз немесе әпкеміз” санайтындарға Өзбекстан тәуелсіз мемлекет екенін, өзбек мектептеріндегі тәртіп мәселесін өзіміз шеше алатынымызды айтсақ қайтеді?». 26 қыркүйекте Gazeta.uz басылымы білім саласындағы сарапшы Комил Жалиловтың сөзінен осындай үзінді жариялады.

Қаржы сарапшысы Отабек Бакиров X желісінде “Ресейге өзбек мектептерінде болған оқиға Өзбекстанның ішкі ісі” деп қай шенеунік айтады?” деп сұрады. Ақыры мұндай пікір "шұбалаңқы түрде" болса да айтылды.

Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров
Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров

27 қыркүйекте Telegram-дағы ресми арнасында Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына сапарын қорытындылай келе, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөз жүргізгенін жазды.

Саидовтың жазуынша, келіссөз кезінде тараптар "екіжақты сенімді нығайту үшін бір-бірінің ішкі ісіне араласпау маңызды" деген тоқтамға келген.

Бірақ мұндай мәлімдемелер жалпы халыққа емес, сөздің астарын түсінетін белгілі бір тұлғаларға ғана арналады. Оны байқап, көпшілікке жілігін шағып, талдап беру үшін Әлішер Қадыров сияқты адамдар керек.

XS
SM
MD
LG