Accessibility links

Қожа Ахмет Яссауи кесенесін полиция қайта күзете бастайды


Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға алу туралы қаулыға қол қойды. Бұған дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан мұражай-қорықты жекеменшік күзет қызметі күзеткен.

«Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады. Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қоорғауға жататын объектілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды» делінген үкімет ақпаратында.

Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдары қамтамасыз ететіні хабарланды.

«Әзірет Сұлтан» мұражай-қорының директоры Мәулен Садықбековтің Азаттыққа айтуынша, 2013 жылға дейін музей-қорықты полиция күзеткен. Кейіннен өзгеріс енгізіліп, нысан жекеменшік күзет қызметіне өткен. Күзет фирмалары әр жылы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықталған.

«2023 жылы музей-қорық ұлттық мәртебеге ие болды. Күзет қызметін полицияға тапсыруы соған байланысты болуы мүмкін» дейді Садықбеков.

Қожа Ахмет Яссауи (әйгілі сопылық дәстүр ақыны және жаршысы) кесенесі Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Құрылыстың ені – 46,5 метр, ұзындығы — 65 метр. Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын кесенеде қазақтың 21 ханы жерленген деп айтылады. Кесене ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралары тізіміне енген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG