Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы 2025 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл, Ош және Жалалабад облыстарында өнеркәсіп кешендерін қалпына келтірумен айналыспақ. Бұл жөнінде корпорацияның баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агентігі хабарлады.
"Росатом" мәліметінше, жұмыс нысандарды қалпына келтіруге байланысты жоба-сметалық құжатнаманы әзірлеу бойынша жасалған келісімге сәйкес жүргізілмек. Корпораия өкілдері барлық жұмыс Ресей есебінен жүргізілетінін айтты.
Келісімге сәйкес, өнеркәсіп кешенін қалпына келтіру жұмыстары Ыстықкөл облысының Қажысай ауылында, Ош облысы Ноқат ауданындағы Тау мойын үйінділерінде және Жалалабад облысындағы Қызыл жар ауылдарында жүргізілмек.
Одан бөлек, "Росатом" келесі жылдың соңына дейін Нарын облысы Мың күш ауылындағы "Тұйық су" қалдық қоймасын да қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
"Ол жақта лай көшкінінің салдарынан радиоактивті заттар қоршаған ортаға тарауы мүмкін деген қауіп болған. Енді мұндай қауіп сейілді" деді радиоактивті қалдықтар, пайдаланылған ядролық отын және ядролық және радиациялық қауіпті нысандарды пайдаланудан шығару саласындағы мемлекеттік саясат жөніндегі директор Василий Тинин.
Бұған дейін Мың күште уран қалдықтарын тасымалдауға арналған екі жүк көлігі жол апатына ұшыраған. Алғашқы оқиға маусым айында болды. Ол кезде жүк көлігі ағып жатқан өзені бар сайға құлаған. Жол апатына түсініктеме берген Қырғызстанның министрлер кабинетінің жетекшісі Ақылбек Жапаров апатқа жүк көлігінің жүргізушісін кінәлаған. Ол сонымен бірге апатқа ұшыраған көлік уран қалдықтарын апара жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Екіншісі қыркүйек басында болды. Ол кезде қалдықты тасымалдауға арналған жүк көлігі Тұйық су – Мың күш – Арал тас жолының екінші шақырымында жолдан шығып кеткен. Осыдан кейін "Росатом" мұндай оқиғалар қайталанбас үшін мердігер компаниялардың жұмысына бақылау күшейеді деп мәлімдеген.
"Тұйық су" қалдық қоймасынан уран қалдықтарын тасымалдау жұмыстары 2023 жылы тамызда басталған.