Accessibility links

HRW Өзбекстан билігін белсенділерді босатуға шақырды


Дилдора Хакимова (сол жақта) және Наргиз Келдиерова.
Дилдора Хакимова (сол жақта) және Наргиз Келдиерова.

Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы мен Өзбек адам құқықтары жөніндегі форумы (Uzbek Forum) Өзбекстан билігінен жазықсыз сотталған екі белсендіні тез арада босатуды сұрады.

Биыл шілде айында Қашқадария соты белсенділер Дилдора Хакимова мен Наргиз Келдиерованы ақша бопсалады деп танып, біріншісін 6 жыл 1 айға, екіншісін 6,5 жылға соттады.

Келдиёроваға қосымша "конституциялық құрылымды бұзуға талпынды", "президенттің намысына тиді" деген айыптар тағылған.

Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Дилдора Хакимова қыркүйектің ортасында босанған. Оған омырау қатерлі ісігі диагнозы қойылған.

"Әзірге ол түрмеде отыр. Ана мен балаға медициналық көмек көрсетілуі тиіс" деп жазылған мәлімдемеде.

"Өзбекстан үкіметі сынды тұншықтыру үшін екі белсендіге қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғады" дейді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман.

Сот тағы бес белсендінің үстінен ақша бопсалады деген айыппен іс қозғап, оларды бес жылдан алты жыл аралығындағы мерзімдерге соттаған.

Құқық қорғау ұйымдарының мәлімдеуінше, Хакимованың денсаулығына қауіп төніп тұр.

Хакимованың күйеуінің айтуынша, дәрігерлер ананың жағдайы босанғаннан кейін нашарлаған, оны тез арада онкологиялық стационарға орналастыру қажет.

Биыл ақпанда белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сот жеті күдіктінің бесеуін қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдаған.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Келдиерова қылмыстық топ құрып, жеке мәліметтерді жариялау арқылы ақша бопсалаған. Құқық қорғаушылар айыптар дәлелденген жоқ деп есептейді.

44 жастағы Наргиза Келдиерова "Эзгулик" құқық қорғау ұйымының мүшесі, кейінгі жылдары Өзбек форумымен, Азаттық және Элтуз секілді тәуелсіз ақпарат құралдарымен әріптес болған.

40 жастағы Дилдора Хакимова мектепте мұғалім болып істеген, қоғам белсендісі ретінде Қашқадария облысы білім саласындағы мәселелерді жиі көтерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG