Украинаның Жоғарғы радасы декоммунизация және дерусификация саясаты аясында 327 елді мекеннің атауын өзгертті. Бұл жөнінде "Украинская правда" басылымы хабарлады.
Ресей империясы, советтік мерекелерге қатысы бар және қазіргі украин тілінің заңдылығына сәйкес келмейтін атаулар өзгертілген. Атауы өзгерген елді мекендердің тізімі Украина Жоғарғы радасының сайтында жарияланды.
Атап айтқанда, Днепропетровск облысындағы Новомосковск – Самар, Ресеймен шекарадағы Дружба қаласы - Хутор-Михайловский, Молодогвардейск қаласы Атамановка деген жаңа атқа ие болған. Львов облысындағы Червоноград елді мекені енді Шептицкий болып аталады.
"Қаулының соңғы нұсқасынан алты елді мекен алынып тасталды" деді бастама авторларының бірі, депутат Ярослав Железняк. Бұл қалалардың аттары сол күйінде қалған: Южный, Южноукраинск, Павлоград, Синельниково, сонымен бірге Днепропетровск пен Луганск облысындағы Первомойск елді мекендері.
Кейінгі он жылда Украинада мыңдаған топоним ауыстырылды. Арасында Днепр (бұрын Днепропетровск деп аталған) және Кропивницкий (бұрын Кировоград болған) сияқты ірі қалалар да бар. 2022 жылға дейін – совет атаулары, Ресей басқыншылығынан кейін Ресейге қатысы бар атаулар да ауыстырыла бастады.
Украинаның Ресей жаулап алған аумақтарында жергілікті билік керісінше елді мекендерге бұрынғы советтік атауларын қайтарып жатыр. Мысалы, оккупанттар Бахмутты Артемов деп ресми түрде атап жүр.
"РБК-Украина" сайтының хабарлауынша, украиналықтардың жартысынан көбі (56,9 пайызы) Ресей, Ресей империясы және Совет одағына қатысы бар атауларды өзгерту идеясын қолдайды.