Accessibility links

Журналист Жәния Ұранқаева үкімет отырыстарына қатысуға рұқсат алды


Журналист Жәния Ұранқаева (ортада).
Журналист Жәния Ұранқаева (ортада).

Журналист Жәния Ұранқаева үкімет отырыстарына қатысуға рұқсат алды. Бұл туралы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры хабарлады. Үкіметтің баспасөз қызметі журналиске қойылған шектеуді 31 желтоқсанға дейін қайта қарауға келіскен.

Ұранқаева үкімет үйіне кіретін болса, нысан ішіндегі режимді және кіру тәртібін сақтап, үкімет ғимаратында БАҚ өкілдері қызметін реттейтін өзге де құжат бойынша жұмыс істеуі керек.

Қазақстанның ақпарат министрлігі тамыздың аяғында аккредитацияға қатысты жаңа ереже қабылдаған. Құжатта "ғимарат ішінде журналистердің жүріп-тұру тәртібін мемлекеттік органдардың өзі белгілейді" деп көрсетілген. Үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің жұмыс істеу тәртібін осы ережеге сүйеніп өзгерткен.

Журналистер мен медиақауымдастық бұл ереже "сөз еркіндігін өрескел бұзу" деп дабыл қаққан. 6 қыркүйекте Қазақстан журналистер одағы тілшінің кіруіне тыйым салған үкімет үйінің шешімін сынға алды. Ұйым "бұған дейін талқыланған журналистерді аккредиттеу туралы жаңа нормаларға қатысты қауіп ақыры шындыққа айналды. Журналистер кәсіби қызметіне атқару кезінде кедергіге ұшырай бастады" деді. Ал ақпарат министрі Аида Балаева бұл ережеден "драма жасамауға" шақырған.

Қыркүйектің басында Press.kz интернет басылымының Астанадағы тілшісі Жәния Ұранқаева жыл біткенше үкімет үйіне кіру құқынан айырылған еді. Бұған тілшінің министрлер кабинетінің отырысы өтетін үшінші қабатқа көтерілгені себеп болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG