Мәскеуде Кремльге жақын орналасқан Wildberries интернет-дүкенінінің кеңсесінде болған атыстан екі адам қаза болды, бірнеше адам жараланды. Дүкеннің негізін қалаушы, Ресейдегі ең дәулетті әйелдердің бірі Татьяна Бакальчук Telegram-да күйеуі Владислав Бакальчукты компанияны басып алуға ұмтылды деп айыптады.
Оның сөзінше, Владислав Бакальчук қарулы топпен бірге кеңсеге кірмек болған. Ал Бакальчуктің өзі келіссөзге жүргізу үшін келгенін, алайда оларға белгісіз біреулер шабуылдағанын айтты.
Wildberries компаниясының баспасөз қызметі Владислав Бакальчуктің адамдары бірінші болып оқ атқанын айтты. Ал мұны жоққа шығарған Бакальчук ғимарат ішінен бірінші болып оқ атылғанын жеткізді. Бакальчуктің сөзінше, Wildberries кеңсесіне ол полиция қызметкерлерімен барған.
"Арандату болуы мүмкін екенін іштей сезгенмін, сол себепті ішкі істер министрлігіне жүгініп, күзетпен қамтамасыз етуді сұрағанмын" деп жазды Бакальчук.
Wildberries-дегі дереккөзге сүйенген ТАСС агенттігінің жазуынша, атыстың салдарынан компания кеңсесінің екі күзет қызметкері оққа ұшқан.
Дүйсенбі күні кешке Татьяна Бакальчук Telegram-да видео жариялап, екі қызметкерінің қазасын растады, ол бұған күйеуін кінәлады.
Тергеу комитеті екі адамның атыстан қаза болғанын растады. Жеті адам жарақаттанған, екеуі - полицей. "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу", "Заңсыз қару-жарақ сақтау", "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу", "Бассыздық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қандай да бір күдікті ұсталғаны жөнінде ақпарат жоқ.
"Агентство" басылымының жазуынша, атыс кезінде жараланған адамдардың кемінде үшеуі - кавказдықтар. Біреуі Шешенстанда тұрады және Рамзан Қадыровтың "Ахмат" жасағына мүше.
Mash-тың жазуынша, жанжал кезінде зардап шеккендер арасында кәсіпқой спортшылар Әбубәкір Местоев, Омар Чичаев және Рашид Кодзоев бар. Соңғы аталған адам Ресей әскері арасында ауыр салмақ бойынша бокстан чемпион атанған.
"Осторожно, Москвы" басылымының жазуынша, бір мезетте маска таққан қарулы топ қала орталығындағы "Динамо" метросына жақын Wildberries кеңсесін басып алуға тырысқан. Куәгерлер келгендер шешендер болуы мүмкін екенін айтты.
"РИА Новости" агенттігі жанжалдан кейін полицияға шамамен 30 адам жеткізілгенін жазды.