Түрмеде отырған тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаев 40 күндік аштық жариялады. Бұл жөнінде 16 қыркүйекте оның адвокаты Мейіржан Досқараев Азаттыққа хабарлады.
Оның сөзінше, Жыланбаев аштықты өткен бейсенбі, 12 қыркүйекте жариялаған.
"Қазір ғана Марат Жыланбаевқа кіріп шықтым. Марат өзін заңсыз соттап, 7 жыл түрмеге кескені үшін кешеден бері 40 күндік аштық жариялаған. Қазір ол аштық ұстап жатыр. Әзірге, денсаулығы қалыпты" деді 13 қыркүйек күнгі видеода адвокат.
Адвокаттың сөзінше, Марат Жыланбаев АЭС-ке де қарсы екенін білдірген.
"Жыланбаев бұл мүлде қажет емес деп санайды. АЭС-тің орнында Екібастұзға көмірмен істейтін қосымша бір электр станциясын орнатса немесе генераторлық газ жабдығын орнатса жеткілікті" деді Жыланбаевтың пікірін жеткізген адвокат видеода.
Мейіржан Досқараевтың Азаттыққа айтуынша, түрме әкімшілігі белсендінің аштығынан хабардар. Оның сөзінше, Жыланбаев түрмеге түскелі бері бірнеше рет аштық ұстаған. Соңғы рет ол маусым-шілде айларында түрмедегі қысымға байланысты аштық жариялап, аштығы 30 күнге созылған. Шілдеде Ақмола облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) белсендіге қысым жасалғанын жоққа шығарған еді.
16 қыркүйекте Азаттық Степногорскідегі N4 мекемеге хабарласқан еді. Кезекші бөлімінде отырған өзін Айнагүл деп таныстырған қызметкер Марат Жыланбаев туралы "сұраққа жауап бере алмайтынын, жазбаша хат жазу қажеттігін", оны поштамен жолдау керектігін айтты. "Колония басшылығымен қосыңыз" деген өтінішке ол "басшылардың бәрі зонада жүргенін" айтып түскі 1 немесе 2-де келетінін жеткізді.
2023 жылы қарашада сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев бұл айыптың бәрін жоққа шығарған, ол істің "саяси астары бар" деп санайды.
Қазақстан билігі Жыланбаевтың шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, ҚДТ қозғалысының лидері Мұхтар Әблязовпен байланысы бар деп санайды. Астана Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Тамызда халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Биыл 5 маусымда Қазақстан Жоғарғы соты Жыланбаевтың өзін ақтап, босатуды сұраған кассациялық арызын қараудан бас тартып, сот алқасы "оған негіз жоқ" деп тапқан.
ПІКІРЛЕР