Қазақстан құрамасы үшін Париждегі XVII Паралимпиада ойындары рекордпен аяқталды. Спортшылар тоғыз медаль алып, Токиодағы үздік көрсеткішін жаңартты.
Пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түскен Қазақстандық спортшы Давид Дегтярев 188 келі көтеріп алтын медаль жеңіп алды. Дегтярев Токиодағы ойындарда да жеңімпаз атанған. Сөйтіп ол Қазақстан тарихында екі дүркін паралимпиада чемпионы болған алғашқы спортшыға айналды.
Паралимпиадалық дзюдодан 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек чемпион атанды. Қазақстан құрамасы алған 9 медальдің бесеуін парадзюдошылар жеңген. Ақмарал Науатбектен бөлек Ерғали Шамей күміс; ал Даяна Федосова, Зарина Раифова және Жұрқамырза Шүкірбеков қола медаль жеңіп алған. Одан бөлек нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс алса, жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қол медаль иегері атанды.
2021 жылы өткен Токио паралимпиада ойындарында қазақстандықтарға бір алтын, үш күміс және бір қола медаль бұйырған. Ал 2016 жылы Риода өткен паралимпиада жарысында құрама бір алтын және бір күміс алған.
Жарыс бүгін аяқталады, әзірге Қазақстан құрамасы 39-орында тұр. 2024 жылғы паралимпиада ойындарына 9 спорт түрінен 33 лицензия алған Қазақстан құрамасы Парижге 44 спортшы алып барған.
Жалпыкомандалық есепте 99 алтын медаль жеңген Қытай көш бастап тұр. Екінші орында 47 алтыны бар Ұлыбритания, үшінші орында 36 алтыны бар АҚШ. Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәтижеге өзбек спортшылары қол жеткізді. Олар 10 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан медаль ала алмады.
28 тамызда басталған паралимпиада ойындары бүгін аяқталады. Париж уақытымен кешкі 8.30-да жабылу салтанаты өтеді.
ПІКІРЛЕР