Accessibility links

Назарбаев Өзбекстанға барып, Мирзияевпен кездесті


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Архивтегі сурет.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Архивтегі сурет.

Кейінгі екі жылда жұрт алдына сирек шығатын Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға барды. Қазақстанның бұрынғы президенті 6 қыркүйек күні Бұхарада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездескен.

Өзбек баспасөз құралдары мұны "бейресми" кездесу деп атап жатыр. Ozbekiston-24 телеарнасы өз эфирінен Мирзияев пен Назарбаев ортағасырлық тарихи орындарды аралап жүргенін көрсеткен.

Сапардың мақсаты айтылмады. Бірақ кейбір басылымдар Назарбаев Бұхараға "ежелгі архитектуралық ескерткіштерді" аралау үшін барды деп жазды.

Назарбаевтың ресми сайты оның Өзбекстанға сапары жайлы ешқандай хабар таратқан жоқ. Сайттағы кейінгі жаңалық 2023 жылғы 12 желтоқсанда шыққан. Ол кезде экс-президент "Астана клубының" отырысына қатысып, әлемдегі қақтығыстарды шешуде өзара ымырашылдықтың маңызы жайлы айтқан.

Өзбекстан президентінің сайтында да Мирзияев пен Назарбаев кездесуі жайлы ақпарат жоқ.

Назарбаев Қаңтар оқиғасынан кейін бұқара алдына шығуды азайтты. 2022 жылдың басында Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық болды. Адамдар газ бағасының қымбаттағанына қарсылық танытып, көшеге шықты, бірақ кейін олар саяси талап қоя бастады. Мыңдаған адам 2019 жылы президенттіктен кетіп, ықпалын сақтап қалған Назарбаевтың биліктен бір жола кетуін талап етті.

Наразылар Назарбаев басқарған 30 жылда елде жемқорлық жайлағанын, экономикалық теңсіздік күшейгенін, әлеуметтік лифт жұмыс істемей қалғанын айтып, шағынды. Бірнеше қалада наразылық тәртіпсіздікке ұласып, Назарбаевтың ізбасары президент Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуды" бұйырып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан ұйым Қазақстанға өз күштеріп бағыттап, олар елде екі аптадай болды.

Қаңтар оқиғасында кемі 238 адам қаза тапты. Тоқаев сол кезде Қазақстанға сырттан 20 мың террорист шабуылдады деген. Бірақ оқиға уақытында да, кейін де бұған дәлел келтірілмеді. Билік кейін бұл мәлімдемесінен бас тартқандай болды.

Сарапшылардың айтуынша, Қаңтар оқиғасы – Назарбаев пен Тоқаевтың айналасындағы адамдардың өзара күресінің салдары. Тоқаев бұл күрестен жеңімпаз болып шығып, билікті өз қолына шоғырландырды дейді олар. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев ықпалды лауазымдарынан айырылып, оның бірнеше туысына қылмыстық іс қозғалды. Нұр-Сұлтан қаласы Астана болып қайта өзгерді. Конституцияға түзету енгізіліп, бірінші президент туралы тұстары алынып тасталды.

Қаңтар оқиғасынан екі жыл өтсе, елдегі саяси жүйеде елеулі өзгеріс болмады дейді сарапшылар. Осы аптада әлеуметтанушы Серік Бейсембаев пен саясаттанушы Әлия Тілегенова Берлиндегі Карнеги орталығының сайтында өз мақаласын жариялап, онда Тоқаев "қалыпты автократ-патриархқа айналды", ал кейінгі екі жылдың жекелеген трендтері "Тоқаев режимі бұрынғыдан да қатая түскенін көрсетеді" деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG