Accessibility links

Бішкек "Талибанды" тыйым салынған ұйымдар қатарынан неге алып тастағанын түсіндірді


Тәліптер.
Тәліптер.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі "Талибан" қозғалысын ел аумағында қызметіне тыйым салынған ұйымдар тізімінен неге алып тастағанын түсіндірді. Ведомство сайтында 6 қыркүйекте жарияланған мәлімдемеде мұндай шешім "елдің құзыретті мемлекеттік органдары осы мәселені мұқият әрі жан-жақты қарастырғаннан кейін" қабылданғанын, шешім "өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға, диалогты қолдауға бағытталғаны" жазылған. "Қырғыз Республикасы Ауғанстандағы және жалпы өңірдегі тұрақты және бейбіт жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық қауымдастықтың ұмтылысын қолдайды" деп жазылған.

Бұдан бір күн бұрын Ауғанстанның сыртқы істер министрлігі Бішкектің "Талибанды" тыйым салынған ұйымдар қатарынан шығарған шешімін "құптайтынын" айтқан. Мәлімдемеде "Қырғызстанның басқа елдермен қатар осындай қадамға барғаны Ауғанстан Ислам Әмірлігінің өңірлік және халықаралық деңгейде саяси тұрғыда мойындала бастағанын көрсетеді" деп жазылған.

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан "Талибанды" террористік ұйым тізімінен шығарып тастаған. Елдің сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, "Талибан" қозғалысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейді деген болатын. Биыл маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп айтқан.

Ал 21 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мұхаммад Ур-Рехман Рахманиді Ауғанстанның Астанадағы сенімді өкілі деп аккредиттеді. Қазақстан СІМ Азаттыққа берген жауабында "Ауғанстанның сенімді өкілін аккредиттеу – "Талибан" қозғалысын Ауғанстандағы заңды билік деп тану актісі емес" деп жазды.

1996-2001 жылдары билік құрған "Талибан" Ауғанстанның аудан-қалаларын қайта бақылауына ала бастаған соң мұнда 20 жыл болған Батыс әскері 2021 жылы елден кете бастады. Сол жылы 15 тамыз күні олар Кабулға кіріп, бүкіл Ауғанстанды өз қолына алғанын мәлімдеді. "Талибан" билікке келгеннен кейін Ауғанстанда адам құқықтарын, әсіресе әйелдер бостандығын шектейтін заңдар қайта күшіне енді. "Талибан" қозғалысы әлемнің көп елінде "террористік ұйым" деп танылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG