5 қыркүйекке қараған түні, "болжам бойынша", Беларусь шекарасын дрондар бұзып өткен. Олардың бәрін қағып түсірген. Бұл туралы Беларусь қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Мұның алдында телеграм-арналар 5 қыркүйек түнде және таңертең Ресей күштері Украина аумағындағы нысаналарды көздеп жіберген "Шахед" типті бірнеше дрон Беларуське қарай ұшып кеткен деп хабарлады. Беларусь аумағында әуеге жойғыш ұшақтар көтеріліп, жарылыстар естілген.
Түнгі сағат бірде Беларусь шекарасынан өтіп, Гомель қаласына қарай бет алған екі дронды monitor және "Николаевский Ванёк" телеграм-арналары бақылаған. Жарты сағаттан соң қала төбесінде екі жарылыс дыбысы естілген деп жазды "Беларускі Гаюн" және "Флагшток" телеграм-арналары. Беларусь өткен түні кемінде үш жойғыш ұшақты әуеге көтерген деп хабарлады "Беларускі Гаюн".
"Флагшток" мәліметінше, дрон бөлшектерінен екі шағын өрт шығып, оларды тез сөндірген. Телеграм-арнаның жазуынша, 2022 жылдан бері үнемі тексеріліп тұратын дабыл жүйесі ресейлік дрондар Гомельге шабуыл жасаған кезде жұмыс істемеген.
"Николаевский Ванёк" телеграм-арнасының мәліметінше, Украина-Беларусь шекарасынан Ресейдің "жеті немесе сегіз" дроны ұшып шыққан. "Шахед" дрондары Украина аспанында әлі жүр, сегіз аймақта, соның ішінде Киевте әуе дабылы іске қосылған.
Киевте тоғыз сағаттық дабылдан көшеде кептеліс, метро мен аялдамаларда ұзын-сонар кезек пайда болған. Қала билігі ресейлік дрондардың бәрі атып түсірілді, зардап шеккендер мен бүлінген нысандар жоқ деп мәлімдеді.
Беларусь Украинадан ұшып келген "Шахед" дронын алғаш рет өткен аптада, 29 тамызда атып түсірді деп жазды "Беларускі Гаюн" арнасы. Беларусьтің жойғыш ұшағы оны әуеде "жиырма минуттай қуған", кейін Гомель облысы тұрғындары аспанда жарқыраған жалынды көріп, жарылыс дыбысын естіген.
ПІКІРЛЕР