Accessibility links

Камала Харрис президенттіктен үміткер ретінде алғаш рет сұхбат берді


АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис
АҚШ-тың вице-президенті Камала Харрис

АҚШ вице-президенті Камала Харрис Демократиялық партия атынан президенттікке кандидат ретінде CNN телекомпаниясына сұхбат берді.

Сұхбатта Харрис осыдан бір апта бұрын аяқталған Демократиялық партия съезінде сөйлеген сөзінде айтылған пікірлерін тарқатып айтты.

«Президент болып сайланған жағдайда Ақ үйдегі алғашқы жұмысыңызды неден бастар едіңіз?» деген сұраққа ол «орта тапты нығайтып, оларға қолдау білдіруден» деп жауап берді. Ол Америка сайлаушылары үшін маңызды мәселелерде қазіргі президент Джо Байденнің саясатын қолдайтынын, соның ішінде иммиграция жүйесін реформалауға және Израильді қолдауға ден қоятынын айтты.

Оның айтуынша, Байден билікке келген төрт жыл ішінде АҚШ-та заманауи өндірісті, соның ішінде «жасыл индустрияны» дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға инвестиция салуға мүмкіндік беретін заңдар қабылданды

Камала Харристі сынаушылардың ең басты уәждерінің бірі – ол кей мәселелер бойынша көзқарасын түбірімен өзгерте береді. Мәселен ол партияның солшыл либералдық қанатының белді өкілі ретінде елде тақтатас мұнайын өндіруге ашық қарсы шыққан. Кейін бұл ұстанымынан бас тартты. Осы туралы сауалға жауап берген Харрис «Менің құндылықтарым өзгерген жоқ» деп сендірді. Оның айтуынша, ол бар болғаны маңызды мәселелер бойынша консенсусқа келуге тырысады.

Сұхбатқа Миннесота штатының губернаторы, АҚШ вице-президенттігіне кандидат Тим Уолз та қатысты. Ол журналистің «Ұлттық гвардия құрамында әскери қызметте болғанда соғысқа қатыстым деп неге айттыңыз?» деген сауалына жауап беруден жалтарып кетті. Уолз шын мәнінде соғысқа қатыспаған.

Камала Харрис президенттіктен үміткер деп аталғалы бері бірде-бір негізгі ақпарат құралына сұхбат бермеген. Республикалық партия өкілдері «демократтар өз кандидатының шынайы бейнесін сайлаушыға көрсеткісі келмейді» деп қарсыластарын осы үшін сынға алған.

Республикалық партия атынан президенттікке басты кандидат Дональд Трамптың штабы Харристің CNN-ге сұхбатына қатысты мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, Харрис АҚШ-тағы қылмыстың өршуі туралы ештеңе айтпады, экономикаға бар болғаны 3 минут 25 секунд, ал иммиграция мәселесіне 2 минут 36 секунд арнады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG