Accessibility links

Жоғары білім министрлігі даудан соң түлектерге қосымша грант бөлді


Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғимараты
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғимараты

Қазақстан ғылым және жоғары білім министрлігі 28 тамызда университеттерде тегін оқуға түсе алмай қалған мектеп түлектеріне қосымша грант бөлгенін хабарлады.

"Гранттар ҰБТ-да (Ұлттық бірыңғай тестілеу, оның қорытындысы бойынша грант беріледі. – Ред.) жоғары балл алған үміткерлерге тәртіпке сәйкес, конкурс негізінде берілді" деді министрлік.

Министрлік грант ұтып алған түлектер тізімін телеграм-арнасында жариялады. Түлектер бұған дейін таңдаған мамандығы бойынша грант алған оқу орнына баруы керек.

Грант иегерлері тізімінде жоғары білім министрлігін сотқа берген Медина Майсар есімді талапкер бар. Ол министрлік өкілетін асыра пайдаланды, студенттерді жоғары оқу орындарына қабылдау ережесін бұзды деп айыптаған. Талапкер ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қызметтен кетуін талап еткен. Мединаны ҰБТ-дан жоғары балл жинаса да, грант ала алмай қалған жүздеген талапкер қолдаған.

Бұған дейін министр Саясат Нұрбек жоғары балл жинаған түлектерге қосымша 10 мың грант бөлінеді деп айтқан еді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл грант алған түлектер тізімін 3 тамызда жариялаған. Жоғары балл жинап, тегін оқуға түсе алмай қалған талапкерлер грант әділетсіз бөлінді деп мәлімдеді. Биыл гранттың 20 пайызы (15 382 грант) су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы талапкерлерге берілген.

Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі 2024-2025 жылдары бакалавриатқа түсу үшін 78 мыңнан аса грант бөлінді деп хабарлаған.

Министрлік тасқын болған өңірлердің түлектері қорытынды емтиханға, ҰБТ-ға басқа облыстағы қатарластары сияқты дайындала алмады, мүмкіндіктер тең болмады деді. Олар осыған байланысты тасқыннан зардап шеккен түлектерге өз құзыреті шегінде шара қолданатынын айтқан. Министрлік тасқыннан зардап шеккен аймақтардың түлектеріне басымдық беру шешімі заңға қайшы емес деп мәлімдеген.

Жоғары бағамен гранттан қағылғандар наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG