Ливандық ираншыл радикал "Хезболла" тобы жексенбіге қараған түні Израильге жүзден астам ракета мен дрон жіберді. Мәселе өткен айда Бейрутта өлтірілген "Хезболла" қолбасшыларының бірі Фуад Шүкірдің қазасы үшін "кек алу" операциясының бірінші кезеңі жөнінде болып отыр.
"Хезболла" шабуылына дейін Израиль әскері қарулы топтың Ливанның оңтүстігіндегі нысандарына соққы жасаған. Израиль әскерінің хабарлауынша, оларға топтың жаппай соққы жасауға дайындалып жатқаны жөнінде ақпарат түскен.
"Өзін-өзі қорғау мақсатында ЦАХАЛ Ливандағы террористік нысандарға соққы жасады" деді Израиль әскерінің өкілі Даниэль Хагари.
Ақпаратқа қарағанда, екі тарап бір-біріне былтыр 7 қазанда ХАМАС (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) тобы Израильге шабуыл жасағаннан бергі ең ірі соққы жасап отыр.
Израильде 48 сағат бойы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, Тель-Авив әуежайының жұмысы тоқтатылды. Түнде Израильдің министрлер кабинеті отырыс өткізді. Сыртқы істер министрі Исраэль Кацтың айтуынша, Израиль "Хезболлаға" соғыс ашпайды, бірақ барлық қауіп-қатерге тиісінше жауап бермек.
"Хезболла" өз кезегінде Израильдегі 11 әскери нысанға 300-ден астам ракета жіберді.
Еі жақ зардап шеккендер туралы ақпаратты таратпады.
ПІКІРЛЕР