АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон әңгімеде АҚШ Киевті қолдаудан айнымайтынын мәлімдеді. Екі ел басшысы Украинаның тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлесті деп хабарлады Ақ үй.
Әңгіме барысында Байден Украинаға арналған жаңа әскери пакетін жариялаған. Онда әуе қорғанысына арналған жүйе, дронға қарсы құрылғылар, оқ-дәрі бар.
Жаңа әскери көмек пакетінің құны Ақ үй хабарламасында айтылмайды. Associated Press агенттігінің дереккөзі оны 125 млн долларға бағалайды. Киевке көмек АҚШ президентінің өкілеті аясында беріліп отыр. Қару Пентагонның қорынан беріледі, бұл көмектің Киевке жеткізілуін жылдамдатуы мүмкін.
2022 жылдың ақпанынан бері АҚШ Украинаға жаңа көмекті есепке алғанда 55,7 млрд доллар көлемінде әскери көмек берген.
Жаңа әскери көмек туралы хабар украин әскерінің Ресейдің Курск облысына шабуылы мен Ресей әскерінің Украина шығысында Покровск ауданына шабуылы тұсында жарияланып отыр.
Пентагон өкілдерінің айтуынша, АҚШ Курск операциясының ұзақмерзімдік мақсаттарын сараптай отырып, Киевпен келіссөз жүргізіп жатыр.