Accessibility links

Украина ресейлік паромды жойғанын растады. ТАСС агенттігі 13 экипаж мүшесі зардап шеккенін хабарлады


 "Конро Трейдер" паромы.
"Конро Трейдер" паромы.

Украина әскері ресейлік "Конро Трейдер" темір жол паромын жойды. Бұл жөнінде Украина теңіз күштерінің спикері Дмитрий Плетенчук Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында айтты.

"Ақпаратты растаймыз. Нысананы теңіз күштері жойды. Бұл паром оккупациялық күштерді қамтамасыз ететін Ресейдің әскери логистикасындағы маңызды тізбектердің бірі. Ол арқылы жанар-жағармай материалдары ғана тасымалданып қана қоймай, қару-жарақ та жеткізілді. Сондықтан бұл заңды нысана. Сәйкесінше, бұл қызу шайқас жүріп жатқан аймақта жаудың мүмкіндігін азайтуы керек" деді Плетенчук.

Паромға немен соққы жасалғанын ол нақтыламады.

"Каро Трейдерге" шабуыл 22 тамызда жасалған. Shot жазуынша, соққы украиналық "Нептун" ракетасымен жасалған. Паромда шабуыл кезінде жанар-жағармай құйылған 30 цистерна болған.

Кейін Краснодар өлкесінің жедел штабы паром суға батып кеткенін хабарлады.

Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевтің сөзінше, паром бортында болған 17 адам құтқарылған, тағы екі адам іздестіріліп жатыр. Медицина қызметіне сүйенген ТАСС агенттігінің жазуынша, суға батқан паромнан құтқарылған 13 экипаж мүшесі зардап шеккен. Төртеуі ауруханаға жатқызылған.

"Конро Трейдер" – жалғыз темір жол паромы. Кеме Керчьтегі "Балық порты" мен "Кавказ" порттары арасында қатынаған. "Важные истории" сайтының жазуынша, шілде соңында Украина қарулы күштері "Кавказ" портындағы паромдардың біріне шабуылдаған. Кеменің атын билік айтпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG