Қарағандыда ферроқорытпа зауытында болған апатты тергеу жөніндегі арнайы комиссия “апат жұмыс берушінің кінәсінен болды” деген қорытындыға келді. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.
“Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды” деп жазылған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Кемінде төрт адамның қазасына әкелген апат 20 шілдеде болған. YDD Corporation ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауруханаға түскен. Зардап шеккендердің денесі 10-100 пайыз аралығында күйген.
Бұған дейін полиция қылмыстық істің бабының тармағын өзгертіп, "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабының 3-бөлігіне ауыстырған (оған дейін осы баптың 2-бөлігі бойынша тергеген). Іс бойынша күдікті ұсталғаны хабарланбады.
YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания бірнеше жыл бұрын құрылған. Зауыт құрылтайшылары арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.
ПІКІРЛЕР