“Шығу тегі белгісіз байлық” туралы алғашқы сот актісі орындалды деп хабарлады 23 тамызда бас прокуратура.
Ведомствоның хабарлуынша, сот барысында жауапкерлер активтерді заңды жолмен иеленгенін дәлелдей алмаған. Осылайша 10 млн доллардан астам қаражат мемлекетке қайтарылған.
Алғашқы сот инстанциясы активтерді қайтару жөніндегі комитеттің шағымын толық қанағаттандырған. Жауапкерлердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаған.
“Cот шешімін орындау аясында қолма-қол ақша, қымбат зергерлік бұйымдар, сарапшылардың пікірінше түбірі Сақ дәуірінен басталатын тарихи-мәдени мұразаттары мемлекет кірісіне айналдырылды” деп жазылған бас прокуратура хабарламасында.
Хабарламада жауапкерлердің аты-жөндері айтылмайды.
Қазақстанда активтерді қайтару жөніндегі комитет былтыр қазанда "Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы" жаңа заңға сәйкес, президент жарлығымен құрылған еді.
Сарапшылар мен белсенділер бұл заңда кемшілік көп деп сынап, «ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады» деген. Ал билік заңның мақсаты "заңсыз активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әділдікті қалпына келтіру" деп түсіндірген еді.
Былтыр Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған.
ПІКІРЛЕР