Accessibility links

Тәліптер БҰҰ-ның адам құқығы бойынша баяндамашысына елге кіруге тыйым салды


Ричард Беннетт БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы баяндамашысы
Ричард Беннетт БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы баяндамашысы

"Талибан" БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі баяндамашысы Ричард Беннетке Ауғанстанға кіруге тыйым салды. Бұл жөнінде тәліптер әкімшілігінің өкілі жергілікті Tolo телеарнасына хабарлады. Шенеуніктің сөзінше, Беннет Ауғанстанға қарсы "жалған ақпарат пен насихатты" таратып, елдегі адам құқығы мәселелерін ұлғайтып көрсетіп жүр.

БҰҰ-дағы қызметіне тағайындалғанға дейін Беннет Ауғанстанға ахуалды бағалау үшін бірнеше рет келіп кеткен. Осы жазда Ауғанстан СІМ оған виза бермей, елге кіруге тыйым салды.

Беннет Ауғанстандағы адам құқығының бұзылуын, оның ішінде әсіресе әйелдер құқығының тапталуы мен саяси оппоненттер және діни азшылық өкілдерінің қудалануын қатаң сынаған. Елдегі әйелдер құқығының бұзылуын Беннет "гендерлік апартеид" деп атап, адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.

"Талибан" өкілі Забиулла Муджахид оның бағалауын "насихат" деп атады. Муджахидтің сөзінше, "Талибан" әйел құқығын "шариғат пен ауған дәстүріне сәйкес" құрметтеп, сақтайды.

  • 2021 жылы Ауғанстан билігіне тәліптер келгеннен кейін әйелдер құқығын бірден шектей бастаған. Оларға алты сыныптан артық білім алуға тыйым салынды, елде әйелдер жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істей алмайды, спортпен айналысу құқығынан айырылған, саябақ және өзге де қоғамдық орындарда серуендей алмайды. Әйелдерге көшеде ер адамдарсыз жүруге тыйым салынған. "Талибан" сонымен бірге кез келген саяси партияға қызметіне де шектеу қойған.
XS
SM
MD
LG