Апелляциялық сот бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімін өзгертпеді. Бұл жөнінде Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
"Бірінші сатыдағы сот Арыстанбек Мұхамедиұлы және басқалары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырып, оған қатысқаны анықталды. Қорғаушылар, сотталғандар және олардың адвокаттары сот үкімімен келіспей, шағым келтірді. Астана қалалық сотының сот алқасы шағымдардың дәлелдерін зерделеп, процеске қатысушыларды тыңдап, қылмыстық істің материалдарын зерттеп, сотталғандардың кінәсінің дәлелденгені туралы сот қорытындыларымен келісті" деп жазылған сот хабарламасында.
Ақпан айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Арыстанбек Мұхамедиұлына үкім шығарған. Сот бұрынғы шенеунікті 11 жыл бас бостандығынан айырған. Тағы бес адам түрме жазасын алды. Бір айыпталушы екі жылға бас бостандығынан айырылып, амнистия туралы заңмен босатылып шықты.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәдениет және спорт министрлігінің шағымы қанағаттандырылған. Ақпаратқа қарағанда, сотталушылардан 3,5 млрд теңге өндіріп алынған.
- Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014 жылдың тамызы мен 2019 жылдың маусымы аралығында мәдениет және спорт министрі болған. Сол жылы шілдеде президенттің бұйрығымен Мұхамедиұлы Астанадағы ұлттық музейдің директоры қызметіне тағайындалған. 2022 жылы 16 мамырда Мұхамедиұлының үйі мен ұлтық музейде тінту жүріп жатқаны белгілі болды.
- Былтыр маусымда бұрынғы мәдениет және спорт министрі, ұлттық музейдің бұрынғы директоры "бюджет қаржысын жымқырды" деген айыппен 8 жыл түрмеге кесілді. Биыл ақпанда сот оның жазасына тағы үш жыл қосып, 11 жыл түрме жазасын тағайындады. Бұл іс бойынша экс-министр ірі көлемде пара беруге оқталды деп айыпталды. Сол айда ол рейдерлік және бюджет қаржысын жымқыру эпизодтары бойынша сотталды. 16 шілдеде экс-министрдің ісінде тағы жымқыру эпизоды пайда болды.