Accessibility links

Жезқазған түрмесіндегі азаптау ісі: колония қызметкерлері мен ұлттық гвардия өкілдері сотталды


Ұлытау облысында тұтқындарды азаптады деп айыпталған колонияның жеті қызметкері мен төрт әскери қызметкерге үкім оқылды. Үкім 30 шілдеде шыққан, ал бірақ ол жөнінде прокуратура 21 тамызда айтты.

Сот үкіміне сәйкес, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша №62 мекемесінің бастығы мен оның орынбасары әрқайсысы 6,5 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Қалған бес түрме қызметкері мен ұлттық гвардияның №6505 әскери бөлімнің төрт қызметкері 4-4,5 жыл аралығында түрме жазасына кесілді.

Сот үкімі әлі күшіне енбеген.

Аталған іс жөнінде биыл көктемде хабарланған еді.

Айыпталушыларға Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы АК-159/25 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға "қатігездік танытты, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, топ болып денсаулыққа орташа зиян келтіріп азаптады" деген айып тағылған.

Айыптау актісіне сай, айыпталушылар қамаудағы адамдарды қатты ұрып-соғып, есінен тандырған. Түрме қызметкерлері сотталған адамдарға қорлық көрсетіп, зомбылық жасаған деген айыпқа қалды.

Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқандар азаптауға жиі шағымданады. Құқық қорғаушылар істердің көбі сотқа жетпейтінін айтады. Қазақстан билігі азаптау барын ішінара мойындайды, бірақ онымен күресіп жатқанын айтады.

Қылмыстық кодексінде азаптау қылмысын жасаған адамды 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG