20 тамызда таңертең Астанада АЭС бойынша жария талқылау өтті. Бұл референдум алдындағы соңғы – 20-талқылау. Осыған дейін дәл осындай жиын Қазақстанның 19 қаласында өткен еді.
Астанадағы жария талқылаудың қалған қалаларда өткен жария талқылаулардан айырмашылығы аз болды: мұнда да АЭС-ке қарсы спикерлер баяндама оқуға шақырылмаған; баяндамаларда тек атом станцияларының "артықшылықтары" туралы ғана айтылды; спикерлер шамамен он минут сөйлеп, ал сұрақ қойғысы келгендер пікірлерін екі минуттың ішіне сыйдыра алмай, қиналып жатты. Екі минутта сөйлеп бітпеген тұрғындардың микрофоны өшіріліп, кейбірі микрофон тұрған жерден тықсырылып жатты.
Атом саласының сарапшылары әлемдегі АЭС-тер туралы және Қазақстандағы АЭС құрылысына дайындық барысына тоқталып, «Атом электр станциясы салынған жағдайда заманауи, қауіпсіз реакторлық технологиялар қолданылады» деп мәлімдеді.
Баяндамашылардың кейбірін залдағы жұрт қол шапалақтап, қолдап отырды. Сарапшылар сөйлей бастағанда залдың үш жағында АЭС-ті қолдаған плакат ұстаған қыз-жігіттер тұрды. Олар Азаттыққа "бұл жерге өз еркімен, АЭС салуды қолдап келгенін" айтты.
«Қазақстанға АЭС керек деп ойлаймын. Өйткені бізде атом саласын таңдап, елде де, шет мемлекетте де оқып жатқан жас маман көп. Олар кейін Қазақстанға оралып, өз елінде жұмыс істегісі келеді, бізде перспектива бар», - деді өзін Ұлттық ядролық зерттеу университетінің түлегі деп таныстырған София есімді қыз.
Азаттық тілшісі жиын өтіп жатқан залға АЭС салуға қарсы пікір айтпақ болып келген бірнеше адамды кіргізбегенін көрді. Олар кіреберісте айғай-шу шығарған соң ғана ішке өтті.
«Ерікті сөйле деп алып, кіргізбей тұрғандарың не? Президенттің өзі жария талқыға салыңдар деген жоқ па? Бұларың қалай?», - деді негізгі залға өтуге талпынған белсенді Нағызхан Төлеубаев.
Кіреберісте тұрған жігіттің бірі Азаттыққа «бірінші зал толып кеткен соң екіншісін аштық, алдын ала тізім жасалған жоқ» деп жауап берді.
Жиынның сұрақ-жауап бөлігінде бастапқы бірнеше сұрақ «АЭС-ті қай ел салады?», «түсіндіру жұмыстары қандай деңгейде жүріп жатыр?», «станцияның қуаттылығы қандай?», «балама энергия көзін қарастырдыңыздар ма?» деген тұрғыда болды. Сөз алған кей тұрғын қарсылығын бірнеше аргумент келтіріп, түсіндіруге тырысты.
«Біріншіден, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Жоғары концентрациялы қуат көзін салу қауіпті деп санаймын. Егер бір зымырын түссе, біттік дей беріңіз. Бұған Украинадағы қазіргі ахуал дәлел бола алады. Екіншіден, ядролық энергетика құрдымға кетіп жатқанда, АЭС салудың қажеті қанша? Мәселен 21 ғасырда жаһандық энергия өндіруде атом энергиясының үлесі 9 пайыз азайған. Яғни, әлем атом энергиясынан бас тартып жатыр», - деді пікір білдірген Данияр Қалиев есімді азамат.
Тағы бір тұрғын АЭС бойынша дебат өткізуді ұсынды.
«Қоғамнан бес адам, сіздерден бес адам шықсын. Сөйтіп телеарналардың бірінде тікелей эфирде дебатқа шығайық. Болашақ ұрпақтың тағдырын анықтайтын мәселеде халық сөйлей алмай, пікірін айта алмай жатыр», - деді тұрғындардың бірі.
Бұл ұсынысқа ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев «қоғам белсенділері маман әкелсе, шығуға дайынбыз» деді.
Жиын соңында шараға арнайы келген мәжіліс депутаттары сөз алды. Парламенттегі «Аманат партиясы» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың пікірінше, жиында тараптар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.
«АЭС туралы нақты ақпараттан бөлек, бірқатар үрей айтылғанын естідік. Соның ең негізгісі, Фукусима мен Чернобыльдегі апат. Қарсылар Қазақстанда мұндай жайт қайталанбай ма деп алаңдап отыр екен. Бірақ осы екі жағдайдан кейін Жапония мен Ресей АЭС-тен бас тартты ма? Жоқ. Екі елде де энергетикалық тұрақтылықтың 30 пайызын осы АЭС қамтамасыз етіп отыр, солай ғой? Ал Қазақстанда қазір энергия тапшылығы бар, бір он жылда ол Орталық Азия үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Сол себепті, бізге тұрақты энергия керек. Оны тек АЭС бере алады» деді депутат.
9-да басталған жария талқы 11-де аяқталды. Модератор сұрақ қоя алмағандарға Азаматтық альянстың ресми сайтына сауалдарын жолдауға кеңес берді. Әр сұраққа жекелей жауап береміз деп уәде етті.
ПІКІРЛЕР